Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанда оқу ақысы неге қымбат?

  • AstanaTV
  • 05 шілде 2022
  • 1837

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті кейбір мамандықтар бойынша оқу ақысын көтеріп жіберген. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі сотқа дейінгі тергеуді бастады. Жалпы еліміз бойынша білім алу құны тым қымбат дейді халық.  Қаржылық қиындаққа байланысты  мыңдаған студент білім алудан бас тартқан. Оқу ақысы неге аспандап тұр? Тілшіміз  Ақбота Базарбай жауап іздеді.

Өңірлік монополияға қарсы департамент Атырау қаласы бойынша білім беру қызметтерінің нарығын бақылауға алды. Тексеріс барысында, Халел Досмұхамедов атындағы университетте бірқатар мамандықтар бойынша оқу құны басқа оқу орындарымен салыстырғанда  әлде-қайда қымбат екендігі анықталған.  
 
Әсел ӘДИЕВА, ҚР БӘСЕКЕЛЕСТІКТІ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІ АТЫРАУ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Департаментпен қазіргі таңда  монополиялық жоғары баға белгілері бойынша тергеу жұмыстары басталды.  Тергеу нәтижесі анықталғаннан кейін белгілі  болады нақты жоғары баға белгілеуінің негізі мен негізсіздігі.

Алайда университет басшылығы  бұл айыппен келіспейді. Айтуларынша, соңғы бірнеше жылда оқу ақысы көтерілмеген. Керісінше, 18 пайызға арзандады деп сендірді.

Саламат ІДІРІСОВ, Х.ДОСМҰХАМБЕТОВ АТЫНДАҒЫ АТЫРАУ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ:

Бұл 2018 жылы болған  техникалық  мамандық: «ақпараттық жүйелер» және  «білім бағдарламаны қамтамасыз ету» және  «стандарт, сертификация» мамандықтары бойынша көрсеткен. Бұл бойынша сол кезде  баға өсу болған. Бірақ  2020 жылдан  бастап біз кез келген бағаны ғылыми кеңес және директорлар кеңесі арқылы шешіп, оны біз төмендеткен болатынбыз 520 мыңға дейін.


Елімізде  жоғары оқу орындарындағы студенттер  соңғы екі жылда біршама азайған. Биыл 112 мыңнан астам  студент оқуын бітірмей университеттен шығып кеткен. Оның оннан бірі қаржылық қиындықтарға байланысты.

БЛИЦ:

- Өте қымбат деп айтамын. Бір жылда 500 мыңға қымбаттаған ол әр ата-ана оны істей алады деп ойламаймын.

- Мен 10 жылдан 7 баламды ақырындап оқытып келемін. 10-жылы 550 мың төлеп едім. Қазір миллионға келді сол.


Жоғарғы оқу орындарының дербестігін арттыру туралы заңға сәйкес 2018 жылдан бері университет, институт, академиялар білім беру ақысын өздері белгілейді. Яғни, мекеме қызметкерлеріне төленетін жалақыны, материалдық-техникалық шығындарды ескере отырып, өзіне ыңғайлы баға қояды. Ал мемлекет оны реттей алмайды.

Ержан ӘМІРБЕКҰЛЫ, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Студенттердің төлемақысы жоғары емес салыстырмалы түрде. Қол жетімді. Әрине, біз қоғамға нарыққа мықты кадрларды дайындайтын болсақ, онды біз түсінуіміз керек ол мықты кадрларды дайындауға қажетті профессорлардың еңбек ақысы да, материалдық-техникалық жабдықталуы да, оларға қажетті ақпараттық жүйелердің де  мықты болуы керек. Сондықтан ол төлемақыны өте төмен деңгейде ұстайтын болсақ, тиісінше сапасы төмен кадрларды шығарудың қаупі бар.

Елімізде ең арзаны - бейнелеу өнері және сызу мамандығы. Оқытудың орташа құны - 251 500 теңге. Ал ең қымбат мамандықтар қатарында -data analytics, халықаралық қатынастар, журналистика, қаржы және экономика  бар.   

А. Базарбай