Русский Сайттың толық нұсқасы

Оңтүстік Кореяда да "Алдар көсе" бар

  • AstanaTV
  • 05 шілде 2022
  • 3003

Оңтүстік Кореяға жұмыс іздеп барған қазақстандық екі азамат сан соғып қалды. Жоғары жалақы мен тұрақты жұмыс  дәметіп барғандарды басқа емес, өз жерлестері тақырға отырғызған. Бірақ, бұл бірінші рет емес дейді олар. Толығырақ тілшіміз тарқатады.

Оңтүстік Кореяға жұмыс іздеп барғандардың бірі-Азамат. Айтуынша,  бірнеше жылдан бері сонда  жүрген  азаматпен елге  визасыз кіруге келіскен.Ол адам телефон арқылы уәдені үйіп төккен көрінеді.  Кейіннен ақшаны алып, ұшты-күйлі жоқ болып кетті дейді.

Азамат ТҰРЫСБЕКҰЛЫ, ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТЫ:

Гарант болып беретін адаммен келіскен болатынбыз. Сол жігітпен ватцап арқылы сөйлесіп, болды гарант боламын. Допрос болса, допростан шығарамын. Ол жігіт аэропортқа кіргеннен кейін телефонында алған жоқ, ақшасын алғаннан кейін. Мүлдем хабарсыз кетті ғой.

Оңтүстік Кореяда далада қалған қазақ қызы туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады.  Видеоны  Арысланбек есімді азамат   өз парақшасына жүктеген.  Бұл  жерде де  бойжеткенді өзіміздің отандастарымыз тақырға отырғызып кеткен.

Арысланбек, ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ ҚОЛДАНУШЫ:

Бұл қазақ қызымыз жақында ғана Кореяға келген Қазақстаннан, екі апта тынбай жұмыс жасаған.20-23 мың тапқан. Енді бұл алаяқтардың ісі ғой.


Жергілікті қайырымдылық қорының әкімшісі Самат Ахметов отандастарымыздың әлсіз тұсын алаяқтар пайдаланады дейді. Айтуынша, көбіне үй, жұмыс тауып беремін деп сенімге кіреді.

Самат АХМЕТОВ, ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚОР ӘКІМШІСІ:

Заңсыз мигрант болып қалып кеткен мигранттарымыз өз жерлестерімізге, өз отандастарымызға  алданып жатыр. Корея елінде 3-4-5 жыл өмір сүріп жатқан өзіміздің бауырларымыз тілді білетін, Кореяның жолын білетін ақ қарасын танитын жаңадан келген қазақстандықтарды алдап жатыр.

Самат Ахметовтің мәліметінше, айына 600 ден астам отандасымыз   заңсыз мигрант атанады. Егер олардың алаяқтық әрекетіне қатысты шағым түссе, бірден елден шығарылады дейді.  Ал құжаттары заңды болса, 1 млн теңгеге дейін айыппұл төлейді. Ресми ақпаратқа сүйенсек, қазір  35 мыңнан астам қазақстандық Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жүр.

Ә. Дүкембаева