Русский Сайттың толық нұсқасы

Тығырықтан шығудың тиімді жолы қайсы?

  • AstanaTV
  • 07 шілде 2022
  • 1724

Күні кеше Ресейдің Приморск аудандық соты Каспий құбыр желісі консорциумы қызметін бір айға тоқтатқан болатын. Ал қазақ мұнайының 80 пайыздан астамы осы құбыр арқылы экспортталады.  Бюджет түсімінің сүбелі үлесі де осы салада. Каспий құбыр консорциумының 30 күнге тоқтатылуы кесірінен еліміз 400 миллион доллар табыстан қағылмақшы. Тақырыпты тілшіміз Айжан Шамшидин тарқатады.

Ресейдің Новороссийск порты арқылы қара алтынды шетелге тасымалдайтын құбыр желісі наурыз айынан бері дұрыс жұмыс істемей тұр. Көктемде мұнай құятын айлақтағы апаттардан кейін Ресей үкіметі консорциумның өндірістік нысандарын тексеруді тапсырған. Экологиялық талаптарға қатысты заң бұзушылықтар анықталып, сот оның жұмысын  бір айға тоқтатты.

Нұрлан ЖҰМАҒҰЛОВ, «ENERGY MONITOR» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Біз КТК құбыры арқылы айына 4 жарым миллион тоннаны тасымалдаймыз. Басқа балама маршрутпен 1 жарым миллион тоннаға шейін жеткізуге болады. Бірақ ол енді қымбатқа түседі.
 
Жұмыс 30 күнге тоқтаса, шығын 400 миллион доллар. Айта кетейік, консорциум құрамына мұнай өндірумен айналысатын ірі 11 акционер кіреді. Негізгі акционерлердің бірі- Қазақстан.

Рашид ЖАҚСЫЛЫҚОВ, ҚАЗАҚСТАН МҰНАЙ СЕРВИСТІК КОМПАНИЯЛАР ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
 
Негізінен, мен бұл жерде ешқандай экологиялық зардап, болмаса табиғи зардап, ҰОС кезіндегі миналардың табылуы барлығы сылтау. Бұл амалды пайдаланып Ресей 4 түрлі мақсатты көздеп отыр. Ең біріншісі, негізгісі -Еуропадағы мұнайға деген тапшылықты ұлғайту. Қазақстан әлемдік нарықта мұнайдың 1,8  мұнай  өндіргенімен, Еуропада біз  30 пайыз шикі мұнайды беріп отырған мемлекетпіз.
 
Энергетика министрлігінің ақпаратынша,  қазір Каспий құбыр желісі арқылы қара алтынды экспорттау тұрақты режимде жүріп жатыр. Консорциум өкілдері 5 шілдедегі сот шешімін аялдату туралы өтінішхат жолдапты көрші елге. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  мұнай тасымалдауда Транскаспий бағдарын дамытуды тапсырды.  

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Транскаспий бағдары басым бағыт саналады. «ҚазМұнайГазға» оны жүзеге асырудың оңтайлы нұсқасын, соның ішінде Теңіз жобасының инвесторларын тарту мүмкіндігін пысықтауды тапсырамын. Үкімет «Самұрық-Қазынамен» бірлесіп, Атырау – Кеңқияқ және Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбырларының қуатын арттыру жөнінде шара қабылдауы қажет.


Айжан ШАМШИДИН, ТІЛШІ:

Каспий құбыр консорциумы жұмысының тоқтап қалуына байланысты Үкімет тиісті шараларды қабылдауда.  Премьер-Министр жедел кеңес өткізді.  Отырыс барысында қазақстандық мұнай экспортының шектелуінен келетін салдары туралы айтылды.  Жауаптыларға нақты тапсырма берілді.

А. Шамшидин