Тұрғын үй кезегінің жылжымауы, зейнетақының дұрыс есептелмеуі, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көңілтолмаушылық. Көпшілікті қазір осы мәселелер толғандырады. Өңірлерді аралап жүрген Мәжіліс депутаттары, «АMANAT» фракциясының мүшелеріне жұртшылық көкейдегі сауалдарын жеткізіп, оны шешуге көмек сұрады.
Бақытты Дүйсенақ 2 жыл бұрын Атырау мұнай өңдеу зауытынан қысқартуға іліккен. «Әділетсіздіктің құрбаны болдым» деген ол мәжілісменнен жұмысқа қайта орналастыруды сұрады.
Бақытты ДҮЙСЕНАҚ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Зауытқа бізден кейін адам алды 6 ай ішінде. Біздерге айтады: «Дипломың жоқ»,- дейді,- «Мұнай саласында бітірмеген»,- деді. Бірақ та алып жатқан адамдар кілең дипломсыз адамдар. Бұрын зауытта істемеген, тума, ағайыны. Пенсияға 5 жыл қалды. Сонда әділдік қайда? Атырауда бармаған жерім, тоздырмаған жерім жоқ?
Қоғамдық қабылдауға келгендерді мұқият тыңдаған депутат мәселені шешу жолын көрсетіп, бағыт-бағдар берді. Тиісті органдарға сол жерде-ақ байланысқа шығып, жағдайдың анық-қанығына жетті. Сенім артып келген әрбір жанның мәселесі бақылауда болады, - дейді мәжілісмен.
Дүйсенбай ТҰРҒАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «АMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Көтерілген мәселелердің көбісі мына жергілікті атқарушы органдарға байланысты болып отыр. Тұрғын үй мәселесі, жалпы Атырау қаласындағы экология мәселесін көтеріп жатыр. Бірақ одан да басқа бізге Парламент депутаттарына да жақсы бір сұрақ, ұсыныстар болды. Ол мына мұнай өнімдеріне байланысты, қазіргі дайындалып жатқан заң жобаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізілу үшін.
Еліміздің шығысында металлургия, атам өнеркәсібі секілді ірі өндіріс орындары орналасқан. Жұмыс ауыр, денсаулыққа зияны көп. Бұрын өндіріске тартылған кеншілер мен металлургтер зейнетке ерте шығатын. Әйелдер – 45, ерлер – 50 жаста. Қазір бұл жеңілдік жоқ.
Евгений РАДУЖКИН, "ӨСКЕМЕН ЖЫЛУ ЖҮЙЕЛЕРІ" АҚ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
Егер адам көптеген жылдар бойы зиянды өндірісте жұмыс істеген болса, ол физиологиялық және физикалық тұрғыдан толық жұмыс істей алмайды. Бұрын жалақы да, зейнетақы да көп болатын. Бұл ақшаны емделуіне жұмсайтын. Жартылай мүгедек адамдарды өндірісте ұстау экономикалық тұрғыдан тиімді емес.
Депутаттар зейнетақы реформасы сайлаушылармен кездесу барысында ең көп талқыланатын тақырып екенін айтты. Тиісті министрлік жүйені жаңғырту бағытында жұмыс істеп жатқанын жеткізіп, ұсыныстар ескерусіз қалмайтынын мәлімдеді.
Ирина УНЖАКОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «АMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Егер кез келген адам әрі қарай жұмыс істей алмайтынын сезсе, оған зейнетке шығуға мүмкіндік беру керек. Бұл зейнетақының толық көлемі емес, жинақтың бір бөлігін алсын. Бастысы денсаулығын түзетумен айналыссын.
Зарина ҚАМАСОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «АMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты денсаулық сақтау министрлігіне ұсыныстарымды жеткізгем. Шұғыл көмекті, скрининг, әсіресе әлеуметтік маңызды аурулар, туберкулез, онкология секілді ауру түрлерін жүйеге енгізуді сұрадық. Қолдайтын болды.
Ал Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барған Мәжіліс депутаттары бірқатар медициналық нысанның құрылысымен танысты. Қаракемер ауылындағы амбулатория партияның сайлауалды бағдарламасы аясында Жол картасына енген. 25 орындық нысанның құрылысы бір айда аяқталуы керек.
Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «АMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Медициналық ғимарат. 198 млн-ға басында көзделген. «Аманат» партиясы, халықтың аманатын арқалап отырып осы жауапкершілік аясында өз жұмысын тыңғылықты атқару үшін, алдағы уақыттарда жұмысын жалғастыра береді.
Биыл аймақта 23 медициналық нысан пайдалануға беріледі. Оның 19-ы ауылды жерлердегі дәрігерлік амбулатория.
Т. Әлжанов