Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда екі жыл бойы Ресейден заңсыз көлік тасыған қылмыстық топ соттан жеңіл құтылды

  • AstanaTV
  • 11 шілде 2022
  • 1845

Қызылжарда екі жыл бойы Ресейден заңсыз көлік тасыған қылмыстық топқа қатысты сот үкімі шықты. Прокуратура өкілдері процестің басында айыпталушыларды 20 жыл бас бостандығынан айыруды талап еткен. Алайда, судья мүлде басқа шешім қабылдады.  Сот оларға қандай жаза кесті? Ол туралы тілшіміз Абзал Құрманкин айтады.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Шаһардағы ең шулы оқиға 2019 жылы басталған. Қылмыстық топ жапон елінде шыққан көліктерді Ресей арқылы Қазақстанға бөлшек ретінде кіргізіп, кейін оны  ресейлік темір тұлпар ретінде саудалап отырған. Көліктердің бағасы арзан болған соң,  сұраныс  жоғары болған. Осылайша, екі  жылда   мың жарымға жуық  көлік тасымалдаған.


Экономикалық тергеу департаменті топ мүшелерін былтыр наурыз айында ұстаған болатын. Сол кезде астыртын қойманың ішінен 60 жапониялық көлік табылған. Тергеу жұмыстары бақандай бір жылға созылды.   Судья бір айыпталушыны екі жылға соттаса, қалған үшеуін амнистиямен босатты.  

Ерлан НҰРШӘРІПОВ, ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР БОЙЫНША АУДАНАРАЛЫҚ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН СОТ СУДЬЯСЫ:


Сот айыпталушылардың ісінде қылмыстық әрекетті байқамады. Экономикалық тергеу департаменті экономикалық контрабанданы дұрыс түсінбей отыр. Сот процесінде топ мүшелерінің кінәсін дәлелдейтін айғақтар ұсынылмады. Бұл азаматтардың ресейлік компанияларымен қарым-қатынасы анықталмады.

Тергеу кезінде экономикалық тергеу департаменті көліктерді қарапайым халықтан  тәркілеген болатын. Жүздеген жүргізуші жер сипап қалған.  Енді сот шешімімен көліктердің барлығын иелеріне қайтарылады.

Андрей ДЫЛДИН, ЖӘБІРЛЕНУШІ:

Мен тайота эстима деген машинаны 3 миллион теңгеге сатып алдым. Бірақ былтыр оны менен алып қойды. Бұл маған табыс әкеліп тұрған көлік еді. Бір жыл қол қусырып отырдым. Соттың бүгінге шешіміне ризамын. Бірақ көлігімнің бір жылдық табысын маған кім қайтарып береді?


Айыпталушылар 1.5 жыл бойы уақытша ұстау абақтысында отырып шықты.  Олар "ақталдық" деп қуануда.

Аслан ТӘЛІПОВ, АЙЫПТАЛУШЫ:


Құзырлы орган өкілдері бізге негізсіз пәле жапты.  Жайдан жай 1.5 жыл абақтыда отырып шықтым. Қазір ақталып шыққаныма ризамын.


Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:


Прокурорлар бастапқыда қылмыстық топ мүшелерін 20 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Бірақ сот олардың талабын қанағаттандырмады. Ал прокурорлар бұған қатысты    пікір білдіруден бас тартты.

А. Құрманкин