Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде лаңкестер шабуыл жасаған дүкен қожайыны жауапқа тартылады

  • AstanaTV
  • 11 шілде 2016
  • 2927

Ақтөбеде лаңкестер шабуыл жасаған «Паллада» дүкенінің қожайыны қару-жарақты тиісті деңгейде сақтамағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл туралы облыстық прокуратура өкілдері хабарлады. Олардың айтуынша, қару-жарақ сөрелері тиісті қауіпсіздік талаптарына сай емес. Нәтижесінде шабуыл жасаған қылмыскерлер 20-ға жуық мылтықты оңай иемденген. Осыған орай дүкен басшылығына қатысты Қылмыстық кодекстің 289-шы «қару-жарақты салғырт сақтау» бабына сәйкес іс қозғалды.

Маратбек Мырзамұратов, Ақтөбе облыстық прокуратурасы І-басқармасының бастығы:

Бұл бойынша тиісті бағалар беріледі. Бұл Қылмыстық кодекстің бабы бойынша 300 АЕК жауапкершілікпен және 72 тәулікке қамауға алынады. Уәкілетті тұлға осындай жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Ал қарулы шабуылдардан соң елімізде 40 тәулікке созылған террористік қауіптіліктің сары деңгейі 16 шілдеде аяқталады. Алайда қатаң қауіпсіздік шаралары сақталып қалмақ. Мәселен, Атырау халықаралық әуежайы ғимаратының кіреберісіне биыл қосымша реконструкция жүргізіліп, кеңейтіледі. Оған бірінші желі бойынша іске қосылған рентген-телевизиялық қондырғы қойылмақ. Сондай-ақ жолаушылардың қауіпсіздігі үшін кинологиялық қызмет құрылмақ, ол үшін екі штат бөлініп отыр.

Әзидолла Молдақұлов, «Атырау» халықаралық әуежайы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша атқарушы директоры:

Әуежай ғимаратына кіреберісінде қосымша тексеру,  жолаушыларды, жүгін, қол жүгін тексеріп жатыр. Ол да манағы парламентте қарап жатыр, 970 қаулы бар еді. Ол күшінде. Соны бізге енгізу қарастыруда. Соның ішінде кіреберістегі тексеру болашақта солай қалады. Болашақта әуежайға кіреберіс кеңейтіліп, аппараттың барлығы сол жерде болады. Кішкене удобство болсын деп отырмыз жолаушыларға.

Айгүл ӘДЕПБАЙ