Солтүстік Қазақстан облысы Чермошнян ауылында төтенше жағдай жарияланбақ. Қатты дауыл елдімекендегі мектептің шатырын ұшырып әкеткен.
Мамандардың айтуынша, мектептің шатыры жөндеуге келмейді. 1000 шаршы метрге жуық аумақты енді жаңа материалмен қаптау керек. Ауылдағы жалғыз мектепті тез арада қалыпқа келтіру үшін төтенше жағдай енгізілмек. Аудандық әкімдік өкілдерінің алдын ала болжамына сәйкес, жаңғырту жұмыстарына 80 миллион теңге қажет. Жөндеу жұмыстары шамамен 3 айға созылады. Алайда, сала мамандары жұмысты қарқындатып, оқу жылы басталғанша дейін мектептің бір бөлігін дайындап қоюды жоспарлап отыр.
Дмитрий РАСТИХИН, СҚО ТЖД БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бұл мектеп 1965 жылы бой көтерген. Ал күрделі жөндеу жұмыстары соңғы рет 2008 жылы жүргізілген болатын. Ауылда дауылдың салдарынан басқа нысандар зардап шекпеді. Қазір ауыл мектебін қалпына келтіру үшін жергілікті билік шұғыл әрекет жасап жатыр.
Ал Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында нөсер жауын жұртты әбігерге салды. Жаңбыр соңы селге ұласып, көшелерді су басты. Әлеуметтік желіде түрлі видео тарауда. Ағынның күштілігі сондай, жолдағы малды да ағызып әкете жаздайды. Ауыл ортасындағы дүкендердің бірі суда қалған. Қазір құтқарушылар шығын көлемін есептеп жатыр.
А. Құрманкин