Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбенің «Рауан» ауданына ауыз су қашан беріледі?

  • AstanaTV
  • 13 шілде 2022
  • 1513

Ақтөбенің «Рауан» ауданында құбыр тартылғанымен, ауыз су үйлерге берілмей жатыр. Бұған не себеп? Тұрғындар оған жауап таппай жүр.  Халық биліктен сондай-ақ, көшеге асфальт төсеп, автобус қатынасын реттеп беруді сұрайды.

«Рауан» тұрғын үй алабында 600 шақты үй бар. Құрылыс әлі де жалғасып жатыр. Ауданға жарық пен газ желісі жүргізілген.  Ал, ауыз су шенеуніктердің уәдесі бойынша,  жарты жыл бұрын үйлерге кіргізілуі тиіс болатын. Бірақ, жұрт әлі күнге дейін суды тасып ішуде.   

Базар БОРАНБАЕВА, «РАУАН» АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ауыз суымызды ертерек кіргізсе, күз болды ғой енді, халықтың сусыз тіршілігі жоқ екенін біледі, суымызды кіргізіп, жолымызды дұрыстап берсе екен деп аудан басшыларына сұранысымызды айтамыз.

Ауданға су құбырын тартқандар  көшелерді қазып, астан-кестеңін шығарып тастап кеткен. Трактормен бетін тегістегендей болып еді, енді жаңбыр жауса, балшыққа батамыз дейді рауандықтар.

Бақыт ҮДЕРБАЕВ, «РАУАН» АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Көктемде, күзде батпақ. Немелеремізді, балаларымызды мектепке арқалап әкелеміз, қайтарда резеңке етікпен арқалап қайтамыз. Жол мәселесін шешіп берсе, ең болмаса тас төсеп берсе, енді асфальт сұрақсақ, тас төсейтін шығар, түйе сұрасаң, бие береді ғой.


Рауан-2 ауданы тұрғындарының да мәселесі жетеді.   

Еркінбек ӘБДИН, «РАУАН-2» АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

«Рауан-2-ден» жер алып, үй салайын деп жатырмын. Фундаментін қазып қойдым. Енді әкім-басшылардан сұрайтыным – орталық слив жасаса бірден, проектіге енгізсе. Ана жерге жол салмай тұрып, ертең жол салып қойғаннан кейін слив істеу проблема болады, асфальтты бұзу керек.  


Әкімдіктегілер жаңа аудандарға кәріз жүйесін жүргізу мәселесінің   бұрыннан қаралып жатқанын айтады. Бірақ, бірінші кезекте -жарық, газ бен су , дейді.  Коммуникация желілерінің жобалық сметалық құжаттары  бір айдың ішінде дайындалады. Сонан кейін ғана қаржы бөлінеді. Ал көптен күткен ауыз су келер аптада беріледі.  

Әділбек ТАНКИЕВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Қосу жұмыстарын бастап кеттік. Қазір шамалы ақаулар болып жатыр. 1 апта ішінде бәрін ретке келтіріп, қосатын болады.

Рауан-1 мен 2 аудандарында 15 шақырым жол салу бойынша да құжаттар қазір дайындалып жатыр дейді құзырлылар.  Асфальт  қаржының бөлінуіне қарай төселмек.  Ал, автобус мәселесі жыл соңына қарай шешіледі деп уәде берді.