Русский Сайттың толық нұсқасы

Шатыркөлде апатқа ұшыраған АН-2 ұшағына қатысты сот шешім шығарды

  • AstanaTV
  • 12 шілде 2016
  • 2858

Жамбыл облысы «Шатыркөл» кеніші аумағындағы АН-2 ұшағы апатына әуе көлігі тиесілі «OLIMP AIR» ЖШС-нің директоры Владимир Круч кінәлі деп танылды. Бүгін Шу аудандық соты аталған іске қатысты шешім шығарды. Сот таратқан жазбаша хабарламаға сай, аталған компания директоры арнайы рұқсаты жоқ адамға көлікті басқаруға берген. Сол үшін судья оған 5 жылға шартты мерзімге жаза кесті. Сондай-ақ, үш жылға авиация саласында қызмет көрсету құқығынан шеттетілді.

Бабырхан Әбуев, Жамбыл облысы Шу аудандық сотының судьясы: 

Соттың үкімімен ол ҚР ҚК 344-ші бабы 4-ші бөлігімен, 359-бабы 3-ші бөлімімен кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айрылды. Түзеу мекемесі қоныс колониясында жазасын өтейтін болады.

Естеріңізде болса, биылғы жылдың қаңтар айында Жамбыл облысының «Шатыркөл» кенішінің аумағында "Балқаш-Шатыркөл" бағытын бетке алған АН-2 ұшағы апатқа ұшыраған болатын. Оқиға орнында 6 адам көз жұмып, тек бір ғана жолаушысы Әсем Шаяхметова аман қалған еді. Жәбірленуші соттан моральдық, материалдық талап ретінде 70 миллион теңге талап еткен. Алайда сот оның 10 миллион теңгесін моральдық, тағы 2 миллионын материалдық залал ретінде өндіруді міндеттеді.