Русский Сайттың толық нұсқасы

Автокөлік салонынан ескі көлік сатып алған әйел сотта жеңіп шықты

  • AstanaTV
  • 12 шілде 2016
  • 3441

Жаңа көлік сатып аламын деп басы пәлеге қалған атыраулық әйел сотта «белді» автокөлік салонын жеңіп шықты. Рахима Зиеденова биылғы жылдың 16 ақпанында «ЖанельАвто» компаниясынан Хуйндай Туксон көлігін сатып алған. Кейін «автосалон ескі көлікті жаңа көліктің бағасына сатты» деп сотқа шағымданған еді. Құны 6 млн 420 мың тұратын темір тұлпардың алғашқы жарнасына 1 млн 284 мың теңге төлеп, қалғанын несиеге рәсімдеген. Арманындағы көлігі үшін 7 жыл бойы ай сайын 135 мың теңге төлеуге келіскен. Алайда қуанышы ұзаққа бармай, көлік кузовының боялғандығын, машинаның 12 мың шақырым жүргендігін және сынақ үшін пайдаланғанын біледі. Бұл туралы біздің телеарнаға да шағымданған еді. Сотта автосалонның "сату-сатып алу келісімшартында" мұның бәрі көрсетілмегені белгілі болды. Сөйтіп, талапкердің шағымы толық қанағаттандырылып, автосалонға алғашқы жарна қаржысын толық қайтару міндеттелді. 


Боранбай Ғалиев, Атырау облыстық сотының баспасөз хатшысы:

Атырау қалалық сотының шешімімен Зиеденова Рахимаға көлікке төлеген ақшасы түгелдей қайтарылып, отыз мың теңге моральдық шығын өндірілді.

«Келіншек 1 миллион теңге жеңілдікпен ескі көлікті сатып алуға келісті» деген автокөлік компаниясының басшылығы сот шешіміне түбегейлі қарсы. Жағдайға қатысты қандай да бір түсінік беруден бас тартқанымен, сот шешімі 14-ші шілде күні ғана күшіне енетінін және апелляциялық шағым түсіргенін айтты. Талапкердің заңды өкілі болса, автокөлік компаниясы ақшаны қайтармаса, мәжбүрлеп өндіреміз, деп отыр.

Асхат Әділов, талап қоюшының заңды өкілі:

Бүгінгі таңда жауапкерге барып, ақшаны қайтару жөнінде өз еркімен соттың шешімін орындау жөнінде ұсыныс берілді. Ал енді жауапкерлер әлі ешқандай жауап бермеді. Енді алдағы уақытта мәжбүрлеп өндіру туралы іс қаралып жатыр.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ