Русский Сайттың толық нұсқасы

Ұшақ билеті неге қымбат?

  • AstanaTV
  • 22 шілде 2022
  • 2553

Айдана Бисенғали Алматыдан Елордаға жұмыс сапарымен келуі тиіс болған.  Алайда ұшақ рейсі 2 жарым сағатқа кешігіпті.  Жоспарының тас-талқаны шыққаны аздай,   жүгі қалып қойған.  

Айдана БИСЕНҒАЛИ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Даже телефонымызға хабарлама да келмеді. Ешқандай жағдай жасалған жоқ. Скатта жиі болады. Менде екінші рет қайталанып тұр багаждың келмей қалуы. Өте қапалымын. Компанияға ешқандай көңілім толған жоқ.

Әуежайда   ұшақты сарылып-сарғайып күтіп, сабылып  жүрген жолаушы көп.  

БЛИЦ:

- Балаларыма Флай арыстан арқылы бір-екі ай бұрын билет алып қойып едім. Бір күн қалғанда рейс тоқтатылатыны туралы хабарлама келді. Әлі күнге дейін билеттің ақшасын қайтарып бермеді.

- Бес күн бұрын Ақтөбеге барып келу Нұр-Сұлтаннан 104 мың теңгеге алдым мен. Бүгін 500 мың тұрады.


Билет бағасы   удай. Қызмет корсету сапасы оған сәйкес келмейді. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Айгүл Орынбекті осы мәселе алаңдатады.   

Айгүл ОРЫНБЕК, ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ СЕНІМ КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ:

Туркиш Эйрлайнс деген сияқты Түркияның өздеріне қызмет ететін әуе рейстер бар. Бізге де сондай ұшақтарды сатып алып, қайтарылған ақшаларға халыққа қызмет етуге қою керек. Сол кезде ғана баға тұрақтанады.

Ал әуе компанияларының  өкілдері билет бағасы мейрам күндеріне және жазғы демалысқа байланысты ғана өседі дейді.  

Тілек ӘБДІРАХЫМОВ, «AIR ASTANA» КОМПАНИЯСЫНЫҢ КОРПОРАТИВТІК КОММУНИКАЦИЯЛАР ЖӨНІНДЕГІ МЕНЕДЖЕРІ:

Неғұрлым ертерек алғанда баға арзандау болады. Жалпы өткен жылмен салыстырғанда ішкі рейстерге баға 10 процент төмендеді.

Шағымның көбеюіне байланысты Air astana мен Fly Arystan әуе компанияларына қатысты тексеру басталған.  130-дай  арыз түскен.  

Нұржан МАЛАЕВ, «ҚАЗАҚСТАННЫҢ АВИАЦИЯЛЫҚ ӘКІМШІЛІГІ» АҚ ТАСЫМАЛДАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
 
Шағымдар бойынша тиісті шаралар мен тексеріс өткізіледі. Осы әуекомпанияларға айыппұл салынады. Айыппұл  бүгінгі күнге 200 АЕК  мөлшерінде.  

Заңға сәйкес әуе компаниясы рейсті 2 сағатқа кешіктірсе, жолаушылар салқын су талап ете алады. 4 сағат күтсе, тамақтандыруы тиіс.  Күндіз 8 сағат, ал түнде 6 сағат рейс  кешіктірілсе,  жолаушылар қонақ үйге орналастырылуы қажет. Сондай-ақ, әр кешіккен сағат үшін билет құнының 3 проценті қайтарылуы тиіс.
       
Мерей ҚАЛИАСҚАР – ТІЛШІ:

Ағымдағы жарты жылда жолаушылардың саны 30 мыңға артқан. Сағаттап әуежайда уақыт өткізетін жолаушылардың жанайқайы үкіметке жетті. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың мәлімдеуінше, жыл соңына дейін Скат - 9, Флай Арыстан - 3, Эйр Астана - 2 әуе кемесін алуы тиіс.   

К. Мерей