Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда зауыт пен құрылыс компаниясының арасындағы дау басылар емес

  • AstanaTV
  • 25 шілде 2022
  • 1881

Оралда «Кублей» зауыты мен құрылыс компаниясы арасындағы жанжал өршіп барады. Зауыт басшылығының айтуынша, қала әкімдігі санитарлық аумақтан көпқабатты тұрғын үйлерді салуға заңсыз рұқсат берген.  Күніне жүз тоннадай өнім шығаратын өндіріс орны тұрғындарға зиянсыз деудің қисыны жоқ дейді.
 
Жұпар НҰРҒАЛИЕВА, ЗАУЫТ ЖҰМЫСШЫСЫ:

Вагондар келіп жатыр, машиналар жүріп жатыр, турбинаның дыбысын естіп отырсыз. Тіпті мынаның ішінде жүргеннің өзінде біз құлағымызға тыққышпен жұмыс істейміз. Ал үй тұрғындарына мұнда тұру мүмкін деп тіпті ойламаймын.
 
«Кублей» кәсіпорнының қасындағы көпқабатты үйлердің құрылысы үш жыл бұрын басталды. Зауыт өкілдері бұл үйлердің тым жақын екенін құзырлы органдарға дәлелдейміз деп жүргенде, алғашқы үй салынып бітіп, тұрғындар қоныстанған.  Енді кәсіпорын басшылығы қалған үш үйдің құрылысын тоқтатуды талап етіп отыр.
 
Светлана КЛЕНИНА, ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНЫҢ ҚОРҒАУШЫСЫ:

Арадағы дауды бейбіт түрде шешейік деп салынып жатқан үйден 30 пәтерді қызметтік үй ретінде ұсындық. Бірақ зауыт бұдан бас тартты. Ал біз салынып жатқан үйіміздің салынбай қалғанын қаламаймыз.
 
Зауыт басшылығы тұрғындар шағымы жиілесе, тексеруден көз ашпаймыз дейді. Өйткені кәсіпорынның бюджет пен жеткізушілер алдында өз міндеттемесі бар.  
 
Талғат БЕРЕКЕШОВ, ЗАУЫТ ДИРЕКТОРЫ:

Осы үйлер салына бастағанда бірден құрылысты қадағалаушы органдарға шағымдандық. Олар үнсіз қалғасын, сотқа жүгіндік. Өйткені мына компания үйді салғасын, жөніне кетеді. Ал мына жерде біз қаламыз. Еттің иісі, техниканың шуы маза бермейді деп ертең тұрғындар маған тиіседі.  

Қателік кеткенін қала әкімдігі де мойындайды. Өйткені өндірістік аумақтың ерекшелігі уақытылы ескерілмеген. Ал пайдалануға берілген бірінші үйдің құжаты әлі реттелмепті, тіпті кондоминиум да нақтыланбаған.
 
Асхат КӨЛБАЕВ, ОРАЛ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Зауыт 2015-жылы салынғанымен, санитарлық аймағын заңмен бекітпеген. Ал құрылыс компаниясы сол аумаққа кіріп кеткен. Кейін бұл фирма рұқсат алмастан, өндірістік аумақта заңсыз үй салғаны үшін әкімшілік жауапқа да тартылды. Негізі бұл жерде барлық тараптың кінәсі бар. Әкімдік те кінәлі.  Енді бұл істең мән-жайын сот анықтап, әділет орнатады деген үміттемін.
 
Бұл даулы істе әуелі құрылысшылар жеңсе, кейін облыстық сот оны теріске шығарып, зауыттікін дұрыс деп таныған.  Ал жоғары сот   істі қалалық сотқа кері қайтарыпты. Себебі,бұл тартыста ең бірінші салынған үй тұрғындарының уәжі ескерілмеген дейді. Енді көршілер арасындағы дау қайта қаралады.

Е. Карин