Атбегілік –асыл өнер, ата кәсіп. Тобыл өңірінде тұратын Қармановтар әулеті отыз жылдан бері аламанға жүйрік қосып келеді. Атадан жалғасқан ат баптау ілімін, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу ұлы міндет,-дейді атсейіс азаматтар.
Игілік ҚАРМАНОВ, АТБЕГІ:
Азы бар, көбі бар 30-40 жылдай жылқының жанында жүрміз.Өзіміз кішкентай күнде атқа шаптық.Баламыз шапты.Енді немерлерімізді де дайындап жатырмыз дегендей. Қанымызда бар нәрсе атқұмарлық.Жалғыз бала емес үлкен адамның да тәрбиесіне үлесін қосатын бір дәстүр.Сондықтан аттың жанында жүрген адам, адал, шыншыл болады деп жатады.
Игілік Қарманов Қостанай жылқы зауытында жиырма жылдан астам уақыттан бері жұмыс істейді. Атбегі өзінің жүйріктерімен қатар «Қазақ тұлпары» кәсіпорнының қазанаттарын баптап, бәйгеге қосып талай жүлдені қанжығалаған. Осы уақытқа дейін 15 көлік ұтқан көрінеді. Әкенің ісіне ұлы Сәкен де әуес. Жастайынан ат жалына жармасқан тектінің тұяғы өскелең ұрпақты атқа баулып, өзі де жүйрік баптап жүр.
Сәкен ҚАРМАНОВ, АТБЕГІ:
Тоғыз жасымнан бастап атқа шаптым.Әкем осы Қостанай жылқы зауытында жұмыс істеді. 7 жыл атқа шаптым. 11 машина ұттым. Аттың арқасында бүкіл Қазақстанды аралап, шарлап көрдік. Әлі күнге дейін осы кәсіппен айналысып келе жатырмыз.
Бәйге –бизнес емес.Тек бойында қазақы қаны бар, бабалары ат мініп, сәйгүлік таныған текті ұрпақ ғана ұлы ғұрыпқа ұмтылары қақ. Сол құнды мұраны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу ұлы мұрат,- дейді атбегі Игілік Қарманов.
З. Санай