Русский Сайттың толық нұсқасы

"AMANAT" партиясы ауылда кәсіп бастаймын дегендерге қолдау көрсетеді

  • AstanaTV
  • 29 шілде 2022
  • 1511

"AMANAT" партиясы ауылдағы жаңа кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді. «Ауыл Аманат» бағдарламасы арқылы өз кәсібін бастағысы келетін тұрғындар 2,5 проценттік мөлшерде қарыз алып, жұмысын жандандыра алады. Пилоттық жоба арқылы кәсіп бастап, табысын арттырғысы келетіндердің бірі Мұнайлы  тұрғыны – Майра Мамбетова. Ол  15 жылдан бері тігін тігумен айналысады. Осыған дейін қуықтай бөлмеде тапсырыс қабылдаған Майраның ендігі мақсаты – тігін цехын ашу.

Майра МӘМБЕТОВА, МҰНАЙЛЫ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бұл -менің ең үлкен армандарымның бірі. Дәл қазір мен үйде 50 көрпе тігіп жатырмын. Тапсырыс беруші көп, сол үшін бір өзіме қиындау. Егер өзімнің цехымды ашсам, қосымша көмекшілер алар едім. Сол кезде 50 көрпені 3 күнде тез тігіп, басқа тапсырыстарды қабылдай берер едік.

Кәсіп бастағысы келетін кез келген ауыл тұрғыны 5 миллионнан 20 миллион теңгеге  дейін қайтарымды қаражат ала алады. Жаңа бизнестің қалыптасуына 7 жыл уақыт беріледі. Жергілікті билік қаржылай көмектен бөлек,  кәсіп бастауға қолайлы саланы таңдауға да көмектеседі.

Эльдар ЖҰМАҒАЗИЕВ, "AMANAT" ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:


Бұл бағдарлама адамдарды жұмыспен қамтамасыз етіп, табысқа шығаруға көмектеседі. Біз адамдарға өз кәсібін бастауға, табысқа шығуға көмектесеміз. Пилоттық жоба аясында Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 68%-ға төмендеді. Партия әрі қарай да өз жұмысын жалғастыра бермек.


Маңғыстау облысы бойынша бағдарламаны түсіндіру жұмыстары Мұнайлы ауданынан басталды. Жалпы  екі жарым мыңға жуық ауылдық округ таңдалып алынған. Яғни, жоспар бойынша, шамамен, 8 миллион тұрғынды жұмыспен қамту көзделіп отыр - дейді партиялықтар.

А. Задабек