Русский Сайттың толық нұсқасы

"Құрсақ ана" қызметі кәсіп көзіне айналып барады

  • AstanaTV
  • 01 тамыз 2022
  • 3306

"Құрсақ ана" қызметі кәсіп көзіне айналып барады. Сарапшылар дабыл қағуда. Ғаламторды ашсаң, біреуге бала тууға әзірмін деген хабарламадан көз сүрінеді. Жатырын жалға беретіндердің өз «ставкасы» бар екен.  Жарнамасы жер жаратындардың дені -18-27 жас аралығындағы қыз-келіншектер.  

Суррогат ана боламын дегендер өздерін толық сипаттап, телефон нөмерлерін қалдырған. Солардың біріне хабарласып көрдік.

Гонорарым 3 миллион негізі. Негізі басында көтерген кезде 1,5 миллион теңге береді да. Туғаннан кейін 1,5 миллион береді. Прям, кәдімгідей договормен болады. Ай сайын еще 100 мың теңге.

Желіде суррогат ана болғысы келетіндер ғана емес, суррогат ана қызметіне жүгінушілер де көп.

"Болашақ" суррогат ана орталығының директоры елімізде бөтен әйелдің көмегімен бала сүйгісі келетіндер аз емес дейді. Бірақ, олардың саны туралы нақты  есеп жоқ екенін айтады. Тек кейбір дереккөздерде  суррогат аналардың көмегімен жылына шамамен 100-200 отбасы сәбилі болатыны айтылады.   Нұр-Сұлтан қаласы бойынша былтыр 30 шақты отбасы нәресте сүйген.

Нүрия УАЙЫСОВА, "БОЛАШАҚ" СУРРОГАТ АНА ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Суррагат ана, жүктілік бәрін қосып санағанда где-то 100 адамнан аса. Донор яйцеклеток 300 адамнан аса бар. Боламын деген қыздар көп, бірақ өтетін адамдар өте аз.

Жатырды «жалға» алу мен берудің тәртібі "Неке және отбасы туралы" Кодексінің тоғызыншы тарауында көрсетілген. Онда суррогат ананың жасы мен денсаулығы көрсетілген. Сондай-ақ, «жалдамалы» ана мен тапсырыс беруші азаматтың арасындағы   келісім шарттар осы заңнамаға сәйкес жасалады – дейді заңгер.

Олжас ЛЕКЕРОВ, ЗАҢГЕР:

Суррогат ана 20-дан 35-ке дейін болу керек. Екінші талап бұл – арнайы медициналық ұйымның қорытындысы керек. Ол жерде денсаулығы, психикалық және репродуктивті денсаулығы сай екенінің қорытындысы керек. Үшіншісі ол – суррогат ананың бір уже туған сау баласы болу керек.

Ал, дін өкілдерінің айтуынша, жатырды жалға беру шариғатқа қайшы. Олар суррогат жолмен дүниеге келген бала некесіз туған боп саналады  – дейді.
 
Елімай ҰТЫСХАН, "РАХЫМҚЫЗЫ РАИСА АНА" МЕШІТІНІҢ НАИБ ИМАМЫ:

Ерлі-зайыптының аталық ұрығы мен аналық жасушаны біріктіріп, оны суррогат ана рөлін атқарушы бөтен бір әйелге салу – шариғатымызға тыйым салынады. Өйткені шариғатта әйелдің жатыры ақылы да, жалға да, бөтен адамға, бөтен кісілерге жалға берілмейді.

Өкінішке қарай, елімізде 14 мыңнан астам ерлі-зайыптының сәби сүюге мүмкіндігі жоқ. Осының салдарынан, ажырасу көп. Сондықтан   кейбір отбасы суррогат ана жалдау - жанұяны  сақтап қалудың бір жолы деп карайды.   

А. Задабек