Русский Сайттың толық нұсқасы

«Көкек-әкелер» 7 миллион теңге алимент төлемеген

  • AstanaTV
  • 10 тамыз 2022
  • 2461

Бауыр еті баласынан аяған ақшасын құмар ойынға құйған оралдықтардың алиментке берешегі  7 миллион теңгеге жеткен. Облыстық прокуратура дерегінше, букмекерлер босағасынан шықпайтын борышкерлердің қатары жыл сайын мың адамға көбейетін көрінеді. Бүгінде өңірде 6 мың адам алимент төлемей жүр. Көбі табысын жасырады.  Шынар Қадырбаеваның бұрынғы күйеуі де солардың қатарында. Кәсіпкер азамат әйелінен ажыраса сала, бизнесті тоқтаттым деп мәлімдеп, компаниясын басқа  адамның атына аударған.
 
Шынар ҚАДЫРБАЕВА, ЖӘБІРЛЕНУШІ:

Сот орындаушыларына табысым аз деп мүләйімсиді. Бірақ ағасының атына жеке кәсіпкерлік ашып алды да, табысын жасырып отыр. Бар тапқаным 42 500 теңге деп аузын қу шөппен сүрткен ол балама  15 мың теңге ғана төлейді. Бірақ табысы 60 млн. теңгеден асады. Сот орындаушыларының көмегімен  қулығын әшкереледім.
 
Борышкерлер көбі алименттің ең төменгі мөлшерін төлеуге тырысады. Ал енді бірі баласына бермеген ақшаны құмар ойындарға жұмсайды. Ал ұтысын басқалардың картасына аударады. Бірақ банктермен келісім жасаған прокуратура олардың жолын кесті.  Есепшоты бұғатталған 11 азаматқа айыппұл салынып, бес тәулікке қамалған.
 
Әсел БЕРҚАЛИЕВА, БҚО ПРОКУРОРЫНЫҢ АҒА КӨМЕКШІСІ:

Прокурорлар «IXBET» букмекерлік кеңселерінде спорттық іс-шараларға тұрақты түрде ставкалар қоятын 127 борышкерді анықтады. Есеп айырысу шоттарында тыйым салу және инкассалық өкімдер шығару арқылы алимент бойынша берешекті өтеу есебінен өндіріп алушыларға аударылған 1,5 млн. теңгеге 30 борышкерден алимент бойынша берешекті өндіріп алу мүмкін болды.
 
Бұған қоса, жолаушы тасымалымен айналысып, табысын жасыруға тырысқан жүргізушілер де бар. Құзырлы орган осындай 82 борышкерді анықтаған.

Е. Карин