Русский Сайттың толық нұсқасы

Кубик құрастырудан өткен Азия чемпионатында Қазақстан топ жарды

  • AstanaTV
  • 15 тамыз 2022
  • 1088

Кубик құрастырудан өткен Азия чемпионатында Қазақстан топ жарды. Жылдамдылық пен төзімділік сынға түскен байқауда жерлестеріміз жеңіс тұғырынан көрінді.  Сайысқа қатысушылар 17 аталым бойынша бақ сынады.

Жалпы есепте Қазақстан 5 алтын, 6 күміс, 2 қола медальмен топ жарды. Екінші орынға үндістандық, үшінші орынға қытайлық спортшылар жайғасты. Ал, Жапония төртінші орынға тұрақтады. Моңғолия мен Қырғызстан кубикшілері бір-бір күміс қоланы місе тұтты, ал Өзбекстан мен Пәкістан спортшыларына жүлде бұйырмады.

Дәурен АБАЕВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ:

2017 жылы біздің еліміздің азаматтары, біздің жас балалар енді-енді ғана, 17 жылы ғана қатыса бастапты. Осы 5-6 жылдың ішінде біз үлкен-үлкен жетістіктерге жетіп жатырмыз. Бұл деген бәрімізді қуанышқа толтырады деп айтуға болады.

Еркін Асылбек – 2018 жылдан бастап кубик текшелерін оңды-солға бұрып, бір түске жинауды ермегіне айналдырған. Ойы ұшқыр, қолы жылдам жерлесіміз 3 аталым бойынша алтынды қанжығаға байлады.

Еркін АСЫЛБЕК, СПИДКУБИНГТЕН АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ:

Қарсыластар, әрине, мықты болды. Бірақ Қазақстанның намысын қорғаған спортшылар да осал емес. Біз жеңіс тұғырынан көріну үшін бар күшімізді салдық, нәтижесі де тамаша. Кубик-рубик- мен үшін нағыз спорт түрі. Алдағы уақытта спидкубингтен әлем чемпионатына қатысу жоспарда бар.

Жеңімпаздарға Бәйтерек пішінінде жасалған мүсін сыйға тартылды. Бәйтеректің ішінде Азия мемлекеттерінің тулары бейнеленген Рубик кубигі орнатылған. Сондай-ақ, жүлдегерлер медаль мен ақшалай жүлдеге де ие болды. Жалпы чемпионаттың жүлде қоры -9 мың АҚШ доллары.

Нұржан ЖЕТПІСБАЕВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ «ЖАСТАР РУХЫ» ЖҚ ТӨРАҒАСЫ:

Жастардың бойындағы ұшқырлықты, білімділікті, сондай шешімді тез қабылдауға деген мүмкіндіктерді туындататын бұл спорт түрі – меніңше енді біздің елде дамуына толық мүмкіндігі бар. Сондықтанда «Жастар Рухы», «АМАНАТ» партиясының жаңа бағыттарының бірі болып осы ведерациямен бірлесе отырып, осы бағытты дамытуды қолға алғалы отыр.

Елімізде 10 мыңнан астам кубик құрастырушы бар. Ал, кәсіби куберлер саны мыңнан асады. Осыған байланысты мәдениет және спорт министрлігі 2025 жылы әлем чемпионатын өткізуді жоспарлап отыр.

А. Задабек