Русский Сайттың толық нұсқасы

"Ауыл аманаты" жобасы бойынша құрылған мобильді топтар 289 ауылдық округті аралады

  • AstanaTV
  • 16 тамыз 2022
  • 2482

"AMANAT" партиясы Үкіметпен бірлесіп жүзеге асыратын "Ауыл аманаты" жобасы бойынша ауқымды ақпараттық марафон жалғасуда. Мобильдік топтар осы уақытқа дейін 289 ауылдық округті аралап шықты. Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес,  сәуір айында "халықтың табысын 2025 жылға дейін арттыру бағдарламасы" бекітілген болатын.  Басты мақсат – ауыл тұрғындарының табысын еселеп, әл-ауқатын көтеруге көмектесу.

"АМАNАТ" партиясының «Ауыл аманаты»  жобасы туралы ақпараттық-насихаттық жұмыстар жүргізу мақсатында құрылған мобильді топ өкілдері Солтүстік Қазақстан облысындағы шалғай ауылдарды аралауда. Сондай кездесу  Полудино ауылында өтті. Мұнда мыңнан астам тұрғын бар.  "Мал ұстайтындар, сүт тапсырады. Ауылдағы кәсіп осы" дейді тұрғындар.  

Николай РОЩУК, ПОЛУДИНО АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қазір әрине ұсынып отырғандары  -  тартымды мәселе. Егер жер болса, ірі қара, ұсақ мал өсірумен айналысуға болар еді. Бірақ шөпті қайдан сатып алуға болады - оның өзі жеке мәселе.

Партиялықтар 13 өңірдегі 289 ауылдық округті аралап шыққан. Ұлытау облысының Теректі ауылына да барды.  

Азамат АКИШОВ, ТЕРЕКТІ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мына сіздердің бағдарламаларыңыз өте қызықты екен. Сол бойынша біраз сұрақтар қойып, біраз нәтижелер сабақтар алуға, жақсы өте ырзамын, осындай бағдарламалар көп болса екен деймін.

Мобильді топтың бизнес тренерлері Қарағанды облысы Жартас ауылының тұрғындарымен де кездесті. Олар жиынға қатысушыларға жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайыз жеңілдетілген несиені қалай алуға болатынын түсіндіріп, кооперативті не үшін құру керек  деген секілді сұрақтар төңірегінде әңгіме өрбітті. Шара барысында шағын кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындары ауыл әкімдеріне сауал жолдап, өз жауаптарын алды.

Нұрлан АДАШЕВ, "AMANAT" ПАРТИЯСЫ ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ АБАЙ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:

Енді осыны "Ауыл аманатын" іске асыруда аудандық филиал "Аманат" партиясының түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Жаңа есептік кездесулерде де осы жұмыс жалғасатын болады.

Мобильді топтар әлі 394   елдімекенге баруды жоспарлап отыр.  Ақпараттық насихат жұмыстары  10 қыркүйекке дейін жалғасады.

Ә. Дүкембаева