Русский Сайттың толық нұсқасы

Талғар қаласында қыруар қаржыға салынған жаңа мектептің төбесі неге опырылды?

  • AstanaTV
  • 16 тамыз 2022
  • 1974

Ал Алматы облысы Талғар қаласындағы жаңа мектеп пайдалануға берілмей жатып, жарамсыз күйге түскен. Кешелі бері желіні шулатып жатқан тұрғындар бұған қатты наразы.  Құрылысы біткеніне бір жыл толар-толмастан, қабырғасы опырылған. Қыруар қаржыға салынған мектеп неліктен мұндай күйге түскен?  Жұрт балаларын онда оқытуға дайын ба? Әріптесім Әсем Лесбек сауалдарға жауап іздеп көрді.

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:
 
Әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын тудырған бұл мектеп 1200 оқушыға арналған. Құрылысы 2020-шы жылы  басталып былтыр желтоқсан айында аяқталған.  
 
Құрылысы аяқтала салысымен мекеменің төбесі опырылған. Қабырғасы сөгіліп, едендері сыз тартқан. Осылай деген тұрғындар  балаларымызды мұнда жіберуге қорқамыз дейді. Әрі сырттағы әжетхана оқушылар үшін қауіпті дейді.  
 
Индира ТҰМАНШИЕВА, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ТАЛҒАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Төбесі түсетін болса ертен балаларымыз бәрі мерт болады. Сосын мектептің туалеті 300 метр жерге салып тастапты. Ішінде туалет жоқ. Балаларымды ертен қайтіп апарам деп отырмын. Құрылыс сапасы төмен. Өте төмен. Жеп қойған ақшасын.
 
Құрылысқа 3 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалған. Жұрт қыруар қаржыға салынған нысанның сапасыздығына наразы.

Бақтығали АЙЖІГІТОВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ТАЛҒАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мектепке кірмеген, оқымаған оқушыларға салынған мектеп құлап жатыр.  Біздің балалар сапалы мынандай бір 10 бала оқитын жерде 30-40 бала оқымай сапалы класстарда, ауасы кең класстарда оқылса, ал ана кемшіліктердің барлығы  үкіметтің алдында, Президенттің алдында, олардың барлығы аудандық акимат бәрі жауап берер.

Құрылыс мекемесінің өкілі, ғимарат апатты жағдайда емес  дейді. Олқылықтар түзетіліп жатқанын айтты. Айтуынша,  білім ордасында оқушылардың білім алуына қолайлы жағдай жасалған. Жеделсатыдан бастап, акт зал мен кабинеттер замануи  үлгіде  салынған дейді.   
 
Бексұлтан ЕРҒАЛИЕВ, ҚҰРЫЛЫСҚА ЖАУАПТЫ МЕКЕМЕ ӨКІЛІ:

Айта кетейік, дәретхана мектептің әр қабатында бар. Жалпы саны- 80.  Ал  өзге олқылықтар біз құрылыс жұмыстарын аяқтап берген соң болған. Мекеменің екінші қабатындағы жуынатын бөлменің  құбыры жарылған. Соның салдарынан су біраз аумаққа жайылды. Оған нөсер жауын қосылған. Су шатырға жиналып, ішке аққан. Қазір қосымша жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
 
Төбесінен су кеткен жерлер қазір сылап-әрленіп жатыр. 25-ші тамызға дейін оны аяқтаймыз дейді жауаптылар.
 
Қарлыға СӘДУАҚАСОВА, ТАЛҒАР АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Бұл мектепке деген сұраныс өте көп. Бұл Талғар қаласының шетінде орналасқандықтан балалардың мектепке келуіне ешқандай  қиындық туындамайды. Енді 1200 орындық толсын толмасын бұл мектеп бір ауысымда жұмыс жасайтын болады.
 
Жаңа мектеп-гимназияда балалар бір тілде оқытылады. Білім ордасына қажетті кадр жинау үшін арнайы конкурс ұйымдастырылмақ.
 
Ә. Лесбек