Русский Сайттың толық нұсқасы

«AMANAT» партиясы жатақханалардың дайындығын пысықтады

  • AstanaTV
  • 18 тамыз 2022
  • 3351

Жаңа оқу жылының басталуына   санаулы күндер қалды. Осыған орай өңірлерде «AMANAT» партиясы «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері студенттер жатақханаларының жәй-күйімен танысты. Дайындықтарын көрді, кем-кетігін түгендеді.

Атыраудағы индустриалды  колледж студенттері бұған дейін тума-туысын жағалап келген. Кейбірі бірігіп, пәтер жалдап амалдапты.  100 орындық жатақхананың құрылысы   2020 жылы  аяқталған. Алайда пандемия кезінде ғимаратқа короновирусқа шалдыққан науқастармен байланыста болғандар орналастырылыпты. Кейін құжаттары тапсырылмай, тағы   кідірген.

Жұмабек МЕДЕНИЕВ, АТЫРАУ ИНДУСТРИАЛДЫ КОЛЛЕДЖІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ШАРУАШЫЛЫҚ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:

Студент балалардың сұраныстары былтыр көп болды. Бірақ құжаттары болды, кейбір кемшіліктеріне байланысты орналастыра алмадық. Жетіспеушілік заттар болды, соларды жасаттық кемшіліктерді бітіріп берді.  

Жатақхана жайы бірнеше рет «AMANAT» партиясының кеңесінде көтерілді. Нәтижесінде кемшіліктер түзеліп, биылғы оқу жылына тапсыру жоспарланған.

Серік ҚАДЫРОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ АОФ ЖАСТАРДЫ ҚОЛДАУ ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕСТІҢ ТӨРАҒАСЫ:
 
Қазір енді алыс-беріс құжаттары аяқталуы ғана қалған. Қалғаны толықтай дайын. Қарау барысында бұрыннан келе жатқан жатақханалардың көбінде кішігірім  жөндеу жұмыстары қажет етілетіндігі анықталды. Оның ішінде ілгіштер, айналар, есіктердің  кішкене жөндеу жұмыстары қажет екендігі анықталып, біздер анықтамасын тапсырып кетіп жүрміз.  

Ал жаңа жатақханаларға төсек жабындылары жеткізілмеген. Және студенттердің демалыс орындарына арналған бөлмелер жабдықталмаған. Партия мүшелері оқу орындары басшыларына ұсыныс қалдырды. Аймақта 3 жоғары оқу орны мен 24 колледж бар. Биыл 3 жатақхана пайдалануға беріледі. Тағы 150 орындық жатақхана құрылысы жүріп жатыр.

Қызылордадағы  кейбір жоғарғы оқу орындары жатақханаларының тазалығы сын көтермейді. Бұл  тексеріс кезінде анықталды. Жауын жауса Қазанғап атындағы жалғыз музыкалық колледж жатақханасының төбесінен су кетіп, әбігерге түсетін көрінеді.

Қаладағы Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжі жатахқанасынан да бірқатар кемшілік анықталды.

Медет ЖОРАБЕК, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ «ЖАСТАР РУХЫ» ЖҚ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Олар бойынша арнайы ескертпе жұмыстарын ұйымдастырдық. Яғни осы оқу жылы басталмас бұрын сол кемшіліктерді жою немесе тұзету жұмыстары бойынша қайта келіп тексеретін боламыз.

Мониторингтік топ мүшелері Ақтөбе қаласында да белсенді жұмыс істеуде.  Олар үш жоғары оқу орнының жатақханаларын аралады. Медицина университетінің жатақханасы алты жыл бұрын қолданысқа берілген. Мыңға жуық студент қабылдай алады.

Нарқозы ҚАРТЖАН, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ ЖАСТАРДЫ ҚОЛДАУ ЖӨНІНДЕГІ АҚТӨБЕ АЙМАҚТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ:

Студенттерге арналған барлық жағдай бар. Ол вай-фай, оқу кабинеттері, бөлмелеріндегі жағдайлар барлығы жақсы жасалған. Мониторинг жұмысы әрі қарай жалғасады. Студенттер орындарына орналасқаннан кейін өздерімен жүздесу арқылы мониторингтік жұмысты жүргізетін боламыз.

Айта кетейік, жатаханаларға тексеріс жұмыстары барлық өңірлерде жүргізілуде. Осылайша «AMANAT» партиясы «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері мәселелерді анықтап, жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарын күшейтуде.

Б. Сатуов, М. Тоқтасынқызы, Б. Нәдірқызы, Б. Рахметова