Русский Сайттың толық нұсқасы

Онлайн қайыр сұрау кәсіп көзіне айналып барады

  • AstanaTV
  • 19 тамыз 2022
  • 3256

"Онлайн" қайыршы көбейді. Әлеуметтік желіде жағдайының жоқ екенін айтып, жұрттан көмек сұрайтындар жиі кездеседі. Бірі шынымен мұқтаж болса, енді бірі сұраншақтыққа сақадай сайланып, оны кәсіп көзіне айналдырып алған. Теңге тілеу мұқтаждық па, масылдық па? Аружан Задабектің материалы.

«Көпбалалы анамын, жалғызбастымын. Алаяқтарға алдандым» деген сарында тікелей эфирге кіріп, ақша сұрайтындар күн сайын артып жатыр. Халықтан ашықтан-ашық теңге сұрайтындардың кейбірі тіпті, бермегендерді балағаттап, жерден алып жерге салады.

Желідегі хабарландыруларға қарап, сараласаң, емді былай қойғанда, ішер ас пен киер киіміне де ақша сұрайтындар көп.

БЛИЦ:

- Мен сіздерден көмек сұрағым келеді. Алла разы болсын. Емделуге, игла терапия, массаж қол ұшын бере аласыз ба? Инсульт алып едім, енді емделуге көмек сұраймын.

- Баламның осындай халде жүргенін көру, анасының жүрегі үшін өте ауыр. Амалсыздан көмек сұрауға мәжбүрмін. Алла разылығы үшін көмек берулеріңізді сұраймын.

- Жейтін тамағым жоқ. Ашпын. 2000-3000 тг болсын салып жіберіңдерші. Өтініш. Қиналмасам сұрамас едім.

Осының ішінен «Тамаққа ақша керек» деген хабарландыруда көрсетілген нөмірге хабарластық. Жасы 24-ке келген келіншек екен, жұмыс істемейсіз бе деп сұрап едім. Жалғызбасты анамын деді.

«Мен ешкімді алдамаймын. Алдайтындар бар шығар. Жұмыс істейін десем екі баламен шыға алмаймын. Ата-анам енді көмектеседі. Сосын анда-санда мейірімді жандар көмектесіп отырады. Ақша лақтырады».

Интернет арқылы қайыр сұрайтындардың көптігі сонша, оның қайсысы рас, қайсысы жалған екенін ажыратудан қалдық дейді көпшілік. Оны табыс көзіне айналдырғандар желі арқылы кез-келген адамға хат жолдап, жағдайын айтып, алдымен сеніміне кіретін көрінеді. Елорда тұрғыны Қымбат та солардың біріне алданып қала жаздаған.

Қымбат ӘБДІЛМАНОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бір қыз жаздығ жасым 15-те. Осындай осындай, мамам ауырып жатыр, ауыр халде көмегімді тигізейін деген ниетте ақша салған болатынмын. Одан кейін қайта-қайта жазады, түсінбедім неге бұлай екен деп. Сөйтіп бір күні сұрадым, сіздің ата-анаңыз бар ма шынымен деп. Неге бұлай жаза бересіз деп. Сөйтсем маған деген аузына келгенін оттап.

Адамдар қайыршылардың қатарына қалай қосылады? Бірі өмірден соққы алып, өзегі талғанда. Бірі байлығынан айырылып, бақытын жоғалтқанда. Депрессия деген дерт тағы бар. Психолог Айгерім Шүкірбайқызы онлайн қайыршылар халықтан қолдау көрген сайын көбейе береді дейді.

Әйгерім ШҮКІРБАЙҚЫЗЫ, ПСИХОЛОГ:

Күнде көбейіп келе жатыр олар. Менің ойымша оларға заң керек + Шын мәнінде мұқтаждар бар, және де соны бір кәсіпке айналдырып алғандар бар. Халықтың соған арбауларына ілінуі ғой. Әлбетте бұл жерде халықтың өзінің білімсіздігі деп ойлаймын.

Алақан жайып, ақша жиғандардың дәурені жүріп тұр. Онлайн қайыршы – жаңа кәсіп түріне айналды деуге болады. Егер оны заңды түрде тыймаса, жеңіл ақша тапқысы келетіндер онан сайын көбейе береді дейді мамандар.

А. Задабек