Русский Сайттың толық нұсқасы

Жерге қатысты дұрыс шешім шығармаған тұлғалар жауапқа тартылады

  • AstanaTV
  • 19 тамыз 2022
  • 2393

Жер мәселесі Президенттің тікелей бақылауында. Бұған дейін Мемлекет басшысы бос жатқан жайылымдық жерлерді тезірек қайтарып алып, оны ауыл тұрғындарына беруді тапсырған болатын. Маусым айында «AMANAT» партиясы жанынан «Жер аманаты» комиссиясы құрылды. Комиссия мүшелері аз уақыттың ішінде еліміз бойынша 350 мың гектардан астам жерді мемлекет меншігіне қайтаруға атсалысты.

Тәжімұрат ӘЛЖАНОВ – ТІЛШІ:

Қыран ұшса қанаты, тұлпар шапса тұяғы талатын ұлан байтақ жеріміз бар. Бірақ шаруалар малға жайылымдық жер таба алмай, егінін еге алмай дауласып жүр. Өйткені жерді жергілікті әкімдік беріп, бақылауды да өздері жүргізетін. Салдарын көрдіңіздер. Қожалық еткендердің көпшілігі - олигархтар. Араларында жерді мақсатты пайдаланбай отырғандары жетерлік. Бірақ жұртты жолатпайды. Ал ауыл тұрғындары айдағаным бес ешкі, ысқырығым жер жарадының кейпінде жүр.

Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару оңай боп жатқан жоқ. Бергісі келмей, қарсыласатындар бар. Партия құрған комиссияның миссиясы- инстанцияаралық әкімшілік ресурсын қолдана отырып, қозғау салуға ықпал ету. Ал жайылымдық жерді халыққа қайтарып беруге шамасы жетпеген әкімдер, былыққа қатысы бар лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылады.

Дәулет КӘРІБЕК - «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:

Бизнесті тексерудегі осы жер мәселесіне байланысты мораторий алынып тасталды. Яғни, ендігі уақытта әрбір жердің тексерілуі, оның әділетті елге қайтарылып берілуі, сол ауылдың тұрғындарына берілуі осы комиссияның да ауыл шаруашылығы министрлігі жер комитетінің де мүмкіншіліктерін көбейте түседі.

Жергілікті әкімдіктердің жұмысты дұрыс атқармай отырғанын комиссия мүшелері жасырмады. Тіпті қарапайым халықтан жерді тартып алып, шошқа фермасын саламыз дегендер де болған.

Марат БӘШІМОВ - «ЖЕР АМАНАТЫ» КОМИССИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ, САЯСАТТАНУШЫ:

Ұлан ауданында тіпті 80 гектар жерді қарапайым халықтан тартып алып, шошқа фермасын саламыз дегені, жер проблемасының кодексіне келмей отыр. Біз айтамыз ғой олигархтар ана салада бар деп, олигархтар анада, сол жерді протоколсыз алып алғандар көп. Алып алған оны игермегендер көп.

Ал Алматы қаласында Саябақ пен жоғары оқу орындарының кейбір аумақтарының жекенің иелігіне өтіп кеткенін комиссия тексеріс барысында анықтаған. Енді заң аясында оны мемлекет меншігіне қайтармақ.

Бақытжан БАЗАРБЕК - «ЖЕР АМАНАТЫ» КОМИССИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ, ЗАҢГЕР:

ТОО-лардың Жарғыларын қарасаңыздар орындалмайтын шарттар көзделген. Сондықтан Парламент Мәжілісінің жұмыс тобы бар цифрландыруға байланысты. Және де өзге де жұмыс тобы аясында шартты жер үлестерінің үлескерлерінің құқығын қорғау, әсіресе мынау шыртты жер үлесінен тұратын жер пайдалану құқығын иелері үлескерлердің ТОО-лар қатарынан шығуын, өндірістік кооператив қатарынан шығу, АҚ шығу, құқығын күшейту.

Ауылда жер талан-таражға түскендіктен, азаматтар қалаға қоныс аударуға мәжбүр. Ал қалаға келгендер үйсіз-күйсіз, жұмыссыз жүр дейді "Жер аманаты" комиссиясының мүшесі Мұрат Әбенов.

Мұрат ӘБЕНОВ - "ЖЕР АМАНАТЫ" КОМИССИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ:

Қалада жұмыссыз жүрген ауылдың балалары, енді неге ол ауылдан кетті? Себебі ауылдағы жерлер ірі латифундистердің, сыбайлас жемқорлардың қолдарына кетті. Әкімдіктегілер жақындау жерді алып алды да, басқаларға жұмыс істеуге мүмкіндік жоқ. Бір байқағанымыз мал өсірейін десе жаятын жер жоқ. Өсімдік өсірейін десе жер жоқ. Кезінде алып алған адамдар өздері жұмыс істемейді. Өзіне де жоқ, басқаларға да бермейді.

Елімізде 150-ге жуық ауылда мал жаятын жер жоқ. Прокурорлар 18 млн гектар жер телімінің бос игерілмей жатқанын анықтаған. 229 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, 19 қылмыстық іс қозғалды.

Т. Әлжанов