Русский Сайттың толық нұсқасы

Елордада Орталық Азия волонтерлары форумы өтті

  • AstanaTV
  • 19 тамыз 2022
  • 2374

Волонтерлар пандемия кезінде қайсарлық пен еңбекқорлық көрсетті. Бұл туралы Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Орталық Азия волонтерлері  форумының пленарлық сессиясында айтты.  Оның сөзінше, соңғы 3 жылда Қазақстанда белсенді волонтерлар саны 4 есе және волонтерлік ұйымдар саны 3 есе өскен. Нәтижесінде іске асырылып жатқан жобалардың ауқымы ұлғайды-дейді.

Мәулен ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Өткен сессияда біз Қазақстан Республикасындағы волонтерлік қызметті дамыту туралы заңға түзетулер енгізіп, қабылдадық. Заңдағы өзгерістер қазақстандықтарды игі істер жасауға ынталандыруға және волонтерлердің құқықтарын кеңейтуге бағытталған. Сондай-ақ, заңнамаға мемлекеттік қызметке кірер кезде волонтерлік еңбекті есепке алу туралы ереже енгізілді. Одан бөлек, волонтерлерді ынталандыру үшін мемлекеттік наградалармен марапаттау шарасы қабылданды.

Форумға  Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Түркіменстан, Түркия, Армения, Ресей және Беларусь Республикасынан 200-ден астам делегат келген.  Олар мұндай бас қосулар арқылы әлемдік проблемаларды шешуде ортақ шешім таба аламыз дейді. Қырғызстандық делегат Самаған Тұрсынбаев та форумның Орта Азия жастары үшін берері мол екенін айтады.

Самаған ТҰРСЫНБАЕВ, ФОРУМ ДЕЛЕГАТЫ:  /ҚЫРҒЫЗСТАН/

Мұндай кездесулер ең алдымен мемлекеттер арасындағы байланысты нығайта түседі. Бұл ортақ мәселелерді шешуде үлкен мүмкіндік. Әрине, проблемалар жеткілікті. Алайда ең ауқымды мәселе ол климаттың өзгеруі, әрі ауаның ластануы деп ойлаймын. Бұл сәтте волонтерлер өз бағыттарын айқындап, бірге күресеміз деп ойлаймын.

Б. Сатуов