Русский Сайттың толық нұсқасы

«Asar Ume» қоры Ақтауда екі отбасыға пәтер сыйлады

  • AstanaTV
  • 22 тамыз 2022
  • 1651

«Asar Ume» қоры ақтаулық екі отбасының баспаналы болуына себепші болды. Елордада басталған «Asar joly» қайырымдылық марафоны Маңғыстау аймағына да жетті. Оның қатысушылары 5 мың шақырымды өтіп, 8 қаланы аралады.

Қазақстандықтарды қайырымдылыққа жұмылдыру. «Asar Ume» қайырымдылық қорының жалғыз, әрі басты міндеті – осы. Қоғам белсенділері мұқтаж жандарды басыбайлы баспанамен қамтып қана қоймай, жеке кәсібін дамыту арқылы аяққа тұруға көмектеседі. Үш жылғы еңбек мұның бәрі бекер емес екенін дәлелдеді.

Асхат НҰРМАШЕВ, «ASAR UME» ҚОРЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

8 қаланың халқы біздің қолдап, халықтың көмегімен, қолдауымен 200 миллиондай қаражат жинап, сол қаражатқа біз қиыншылықта жүрген отандастырымызға, 17 отбасыға баспана сыйлап, 10 шақты отбасыға кәсіппен көмектесіп, қиыншылықта жүрген отбасы балаларына біліммен көмектесіп, осы біздің мақсатымыз.

Ақтауда мейірімді жандардың көмегімен екі отбасы жалға алып отырған пәтерлерін тастап, өз үйіне көшетін болды. Сонымен қатар, тұрмысы нашар үш азамат қайырымдылық жобасының аясында кәсіп үйреніп, бизнесі дамығанша мамандардың ақыл-кеңесін алады. «Асар үмеліктер» көмекке лайық отбасыларды қиындыққа қарамастан, күресетін жандар арасынан таңдап отыр.

Маңғыстау облысында қазір 3 мыңнан астам отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады. Өңірде биыл 16 мыңнан астам жұмыс орны ашылған. 75 миллион теңгенің грантын жастарға бөліп беру жоспарланған.

Ұлықбек ТЫНАЛИЕВ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біз үкіметтік емес ұйымдар арқылы әртүрлі қолдау орнталықтарының жұмысын жүзеге асырып жатырмыз. Сонымен қатар гранттық қаржыландыру арқылы осы жылы жастарға арналған алты ірі жоба жүзеге асырылатын болады.Соның барлығы жастарға жаңа мүмкіндік. Отбасыларға барлық мүмкіндікті пайдалануға шақырамыз.

Ақтаулық кәсіпкерлер де қарап қалмады. Бизнесмендер жаңа пәтерге көшетін екі отбасыға тұрмыстық техника сыйлады. Бұдан бөлек, қаладағы жеке клиникалардың бірі демікпесі бар екі баланы ақысыз дәрігерге қаралуға шақырып, қажет дәрі-дәрмекті тегін беретін болды.

Г. Сейтенова