Ауыл жұрты су мен жайылымдық жерлерден таршылық көріп отыр. Мұны ел ішінде мобильді қоғамдық қабылдау өткізіп жүрген «AMANAT» партиясының мүшелері көзбен көріп қайтты. Солтүстік Қазақстан және Атырау облыстарындағы қабылдауға бір күнде 60-қа жуық азамат келген. Шалғайдағы ауылдардың түйткілді мәселелері жайында аймақтағы тілшіміз жеткізеді.
«AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдауы теріскейдегі Айыртау ауданында өтті. Ауыл жұрты партиялықтарға сумен қамту, жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру, жұмысқа орналастыру және кәсіпкерлікті қолдау секілді мәселелер бойынша жүгінді. Мәселен, Антоновка ауылының тұрғыны Ирина Екименко жаңа су құбырын салу проблемасын көтерді.
Ирина ЕКИМЕНКО, АНТОНОВКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Ауылдағы су құбыры 80-ші жылдан бері бар. Оның 90 пайызы тозығы жетті. Мен қоғамдық қабылдау бөлмесіне хабарласқан соң, екі айдан кейін жобалау-сметалық құжаттаманың дайын болатыны, ал қараша айында бюджеттен ақша сұралатыны туралы жауап алдым.
Елдің батысында да партияға жүгінгендердің қарасы қалың. Атырау облысына қарасты Исатай ауданында қабылдауға 30-дан астам адам келді. Өзекті мәселелердің қатарында жол жөндеу, ауылдарды абаттандыру және әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы бар. Тұщықұдық ауылдық округінің тұрғыны, зейнеткер Бағила Ибрагимова тас жолдың ішімен өтетін малға арналған өткел салу мәселесін алға тартты.
Бағила ИБРАГИМОВА, ТҰЩЫҚҰДЫҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:
Мен «AMANAT» партиясына ауыл тұрғындарының атынан келдім. Біздің ауыл арқылы өтетін Атырау-Астрахань тас жолын қайта жөндеуден өтуіне байланысты малға арналған өткел қажет. Оған лайықты орын да дайын. Алайда, бізді толғандырған мәселенің аяқсыз қалмай, бақылауда болғанын қалаймыз.
Сондай-ақ, бұл маңайда жайылымдық жерлер тапшы. Ауыл халқы Аманат партиясына жолығып, жерден таршылық көріп отырғанын жеткізді.
Қалидолла ҚАДЫРОВ, ТҰЩЫҚҰДЫҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:
Жақын маңдағы өзек аумағында су жоқ. Сондықтан су мен шөп іздеп көрші ауылдарға мал айдап кетуге тура келеді. Біз ауылда мал жаятын және суаратын орын болғанын қалаймыз. Кейбір жерлерді жеке шаруашылықтар жекешелеп қоршап алды. «AMANAT» партиясы бұл мәселені республика деңгейінде көтеріп отыр. Сондықтан біз бұл мәселенің оң шешімін табатынына сенімдіміз.
Жалпы, жыл басынан бастап «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 91 мыңнан астам адам жүгінген. Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің басшысы 4 шілдеде шалғай елді мекендерге жасалатын сапардың екінші кезеңі басталғанын айтады.
Әлия САДЫРБАЕВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ БӨЛМЕСІНІҢ БАСШЫСЫ:
Бірінші кезең 14 наурыз бен 14 маусым аралығында өтті. Екінші кезең кезінде 131 ауылдық округте болып, мыңға жуық адам қабылдады. Мәселелердің 25%-ы дер кезінде оң шешімін тапса, қалғандары бақылауға алынады.
Айта кетейік, 8 айдың ішінде мемлекеттік органдардың басшылары мен түрлі деңгейдегі депутаттар 18 мыңнан астам қабылдау өткізіп, оның барысында 46 мыңға жуық азаматты қабылдаған.
А. Құрманкин