Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда халықаралық шахмат фестивалі өз мәресіне жетті

  • AstanaTV
  • 24 тамыз 2022
  • 1544

Атырауда «Atyrau Chess Festival 2022» атты алғашқы халықаралық шахмат фестивалі салтанатты түрде шымылдығын жапты. Додаға еліміздің спортшыларымен бірге АҚШ, Нидерланды, Литва, Украина, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь және Ресейден келген 300-ден астам спортшы"Atyrau Open", "Atyrau Juniors" және "Atyrau Blitz" турнирлерінде бақ сынаған еді. Ақыл мен ой, шапшаңдық пен мықты зейінді талап ететін шахмат сайысында суырылып шыққандарды облыс әкімі Серік Шәпкенов құттықтап, диплом мен қомақты қаржылай сыйлықтар табыс етті. Фестивальге тек кәсіби спортшылар ғана емес, ФИДЕ рейтингтерінің иегерлері де, жас спортшылар, әуесқой шахматшылар да қатысты. Сондықтан тартысты сайыстың жүлде қоры да мол – 13 млн теңге. Қаржылай сыйлықпен доданың 4 жастағы ең жас спортшы да, 80-нен асқан зейнеткер шахматшы да марапатталды. Одан өзге үздіктерге Қазақ-Британ техникалық университетінің гранты табыс етілді. Шахмат фестивалінің келер жылдан бастап дәстүрлі түрде өтіп тұрмақ. Айта кетейік, фестивальді шахматтан әлем чемпионы Динара Сәдуақасова негізін қалаған Шахмат академиясы ұйымдастырды.

Батырхан ШЕРУЕН, ШАХМАТШЫ:

Өте қуаныштымын. Осындай сыйлықты күтпедім. Айта алмаймын барлық эмоцияларымды. Қарсыластар мықты болды. Күллі Қазақстаннан келген. Жарыс күшті болған. Бірақ мен де мықты ойнаймын. Сондықтан орыным бар, КБТУдан приз бар.

Динара СӘДУАҚАСОВА – ФЕСТИВАЛЬ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ, ШАХМАТТАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ:

Көңіл-күйіміз өте керемет. Қазір ғана халықаралық шахмат фестивалі салтанатты түрде аяқталды. 9 елден 300ден астам ойыншы қатысты. Соның ішінде халықаралық шеберлер мен халықаралық гроссмейстерлер бар. Әрине марапатқа ие болғандардың көпшілігі - өзіміздің балалар. Өйткені Қазақстанның, Атыраудың шахматшыларына арналған жас ерекшеліктеріне байланысты өте көп арнайы сыйлықтар болды. Біздің балалар жоғары деңгейде өнер көрсеткені қуантты.

Б. Надірқызы