Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда 75 жыл тарихы бар білім жетілдіру институты жібі түзу ғимаратқа жарымай отыр

  • AstanaTV
  • 25 тамыз 2022
  • 1955

Атырауда 75 жыл тарихы бар мұғалімдердің білім жетілдіру институты жібі түзу ғимаратқа жарымай отыр. Ескі жатақхана орнына жайғасқан ұстаздар үйінің іргетасы сөгіліп, ішін дым тартқанын айтты. Тар бөлмеде тығылысқан ұстаздар материалдық-техникалық базаның жоқтығына да ренішті.

Жаңа оқу жылы қарсаңында атыраулық ұстаздар білім жетілдіру курсынан өтіп жатыр. Алайда кеңес кезіндегі кеңсені еске түсіретін ғимараттың іші тар, ауа жоқ. Ақтап-сырлап, кемшілігін жасырғанмен, тозығы жеткені көзді жұмып көруге болады. Асты суға толы еден сықырлап тұр.

Айнұр ҚАЛИЕВА, ТӘРБИЕШІ:

Қуанып келеміз, өзіміздің санатымызды, біліктілігімізді артыру үшін келеміз. Соның ішінде біздерге тәрбиешілерге болсын, мұғалімдерге болсын жағдай жасалмаған. Жаздыкүні ыстық болады, салқындатқыш жасамайды. Іштен бір қапырықтың иісі шығады. Тарлық етеді кабинеттер кішкентай болған соң ересек адамдар болған соң тар.

Институттың акт залы кабинетке айналған. Өйткені оқу бөлмесі жетіспейді. Білім жетілдіру бойынша ұйымдастырылған 12 пәндік курстың жартысы қаладағы өзге оқу орны базасында өтуде. Ескі ғимарат ішіндегі материалдық-техникалық база да істен шыққан. Мәселен, информатика кабинетіндегі 25 компьютер мұражайдағы жәдігер секілді сақтаулы тұрғанына біраз болған.

Алтын ТАТПЕНОВА, ТРЕНЕР:

Информатика кабинетіндегі барлық компьютерлардың іске қосылмауына байланысты жұмыс істеу қолайсыздығы пайда болды. Интернетке қосылу да өте әлсіз. Және жиі-жиі істен шығып қалып тұр. Тыңдаушылар өз ноутбуктарымен келіп отыр әне өз смартфондарымен жұмыс істеуге мәжбүр.

Салынғанына жарты ғасырдан асқан ғимараттың жайын жаңадан келген басшылық жақсы білемін дейді. Институт басшысы Жаннат Нұртілеуова қызметке келе сала басшылыққа ұсыныс айтқанын жеткізді.

Жаннат НҰРТІЛЕУОВА, «ӨРЛЕУ» БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУ ОРТАЛЫҒЫ» АҚ АТЫРАУ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША КӘСІБИ ДАМУ ИНСТИТУТЫ» ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ:

Төмендегі бірінші қатардағы едені астында су бары байқалады. Олардан иістер шығатыны байқалады. Енді жоғары шатырдан су ағатыны болған. Осы ғимараттағы жетіспейтін нәрсе олардың жөндеуге қажетті қаражатты түгел сметаны есептеп, осы жұмысқа келгенде бір аптаның ішінде ұсындым қазір бюджеттік комиссияда қаралып жатыр.

Білім жетілдіру институты ғимараты жаңадан тұрғызылмайды. Болашақта күрделі жөндеуден өтуі мүмкін. Бірақ оның өзі қашан екені белгісіз. Ал тар бөлмеде терлеп-тепшіп білімін арттырған ұстаздардан нәтиже күту жөн бе? Белгісіз.

Б. Надірқызы