Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылордада жаңадан жылу электр орталығы салынады

  • AstanaTV
  • 25 тамыз 2022
  • 2057

Қызылордада жаңадан жылу электр орталығы салынады. Бүгін Энергетика министрлігі мен шетелдік инвестор арасында екіжақты келісімге қол қойылды. Жаңа орталық 2025 жылы толық іске қосылмақ. Аймақ басшысы бұл жоба - өңірдің электр тапшылығын шешетініне сенімді.

Қаладағы жылу электр орталығының әбден тозығы жеткен. Салынғанына 60 жылдан асқан станцияның желілері жыл өткен сайын сыр беруде. Сондықтан құны 215 млрд теңге болатын жаңа станцияның Сыр халқы үшін маңызы зор. Оның іргетасы желтоқсан айында қаланбақ. Бүгін тараптар ірі жобаның алғышарты ретінде екіжақты келісімге қол қойды.

Қуаттылығы 240 мегаватқа жететін орталық құрылысын Түріктің «Акса Энерджи» компаниясы өз қаражаты есебінен жүргізеді. Алпауыт мекеме бұған дейін әлемнің 7 елінде электр орталығын салған екен. «Бұл жоба Қызылорданы ғана емес, басқа да өңірлерді қауіпсіз энергиямен қамтамасыз етуге жол ашады» дейді облыс әкімі.

Нұрлыбек НӘЛІБАЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Бұл біздің аймағымызды алдағы уақытта толық жылумен электр энергиясымен қамтамасыз ететін болады. Қалғандарын, біз оны әрі сатуға да мүмкіндігіміз болады. Үлкен жобаның жүзеге асуына қолдау көрсеткен, шешім қабылдаған мемлекет басшысына, Үкімет басшысына, министрлікке үлкен алғысымызды білдіреміз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 3 жылда қуаттылығы жоғары, заманауи стациялар салуды тапсырған болады. Бұл соның негізінде елде қолға алынған алғышқы бастама.

Гүлжан ҚАЛИЖАНҚЫЗЫ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІНІҢ ӨКІЛІ:

Бұрын соңды Қазақстанда жылу электр орталығын шетелдік инвестордың есебінен мұндай әлі болмаған. Алдында көптеген ЭС-лар модернизация, реконструкция жүргізілген.

Айта кетейік, биыл аймақта 23 нысанның жылу қазандығы қайта жаңғыртылуда. Оған республикалық және облыстық бюджеттен 700 млн. теңгеге жуық қаржы бөлінген.

М. Тоқтасынқызы