Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркістан облысында Жетісай қаласының орталық базары өртеніп кетті

  • AstanaTV
  • 26 тамыз 2022
  • 3300

Түркістан облысында Жетісай қаласының орталық базары түгі қалмай өртеніп кетті. Түнгі сағат үштер шамасында басталған тілсіз жаудан адамдар зардап шеккен. Өрттің неден тұтанғаны әзірге белгісіз. Базыналы жұрт базар басшылығын қысымға алуда. Қыруар шығын өтеле ме? Түркістан облысынан құрылған арнайы комиссия мүшелері мәселені қалай шешпек? Толығырақ алдағы сюжетте.

Алапат өрт түнгі сағат үштер шамасында басталған. Куәгерлердің айтуынша, базардың сексен пайызы күлге айналған. Негізгі ошақ маталар мен киім кешектер, тұрмысқа қажетті заттар сататын аумақ. Қыруар шығынға батқан саудагерлер, базар әкімшілігінің алдына жиналып, келтірілген шығынды өтеп беруді талап етті.

Бір түнде барымыздан айрылдық дегендер шығындарын кім өндіріп беретінін білмей дал.

Күйінген жұртты облыс мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиев сабырға шақырды.

Қайрат БАЛАБИЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:

Бұны қазір біздер барлығын санаймыз.Барлығын қараймыз. Бұл жерде қазір сабырлық жасайық. Барлығы орнынына келеді. Кімге қандай зиян келді, фонд құрамыз оның барлығын орынына келтіреміз. Қазір мына жерде базардың иесімен де сөйлесеміз.

Төтеншеліктердің мәліметінше, өрт 900 шаршы метрді шарпыған. Салдарынан 450-ден астам сауда нүктесі өртеніп кеткен. 2 азамат ауруханаға түскен. Полицияға 600-ге жуық адам арызданған.

Асылхан ТӨРЕХАНОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ПД ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

Қазіргі таңда жеке құрам қауіпсіздікті сақтау мақсатында, 300-ден астам полиция қызметкері жұмыс атқаруда. Адам шығыны тіркелмеген. Қазіргі таңда жедел тергеу тобының қызметкерлерімен шығынның көлемі анықталу үстінде жұмыстар атқарылуда.

Ресми ақпараттарға сенсек, жауаптылар болған оқиғаға байланысты арнайы қор құрылатынын хабарлады. Сондай-ақ жеңілдетілген несие алуға жәрдем көрсетуге уәде берілді. Базар басшылығы өрт шыққан «Күлпаршын» базарының зардап шеккен саудагерлеріне 1 жылға салық төлеуден босатты.

Б. Сатуов