Русский Сайттың толық нұсқасы

2050 жылға қарай оңтүстік өңірлерде бүкіл халықтың 55 пайызы тұратын болады

  • AstanaTV
  • 15 шілде 2016
  • 2328

2050 жылға қарай оңтүстік өңірлерде бүкіл халықтың 55 пайызы тұратын болады. Ал 2030 жылға таман солтүстіктің халқы 1 миллионға азайып кетуі мүмкін. Есесіне, оңтүстік аймақ тұрғындарының саны 5 миллионға артпақ. Мұндай сандармен Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов бөлісті.

Сондықтан Үкімет экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерден халықты дамыған аудандарға көшіру жұмыстарын қолға алған. Бүгінде экономикалық әлеуеті төмен 409 елді мекен бар. Ал еңбек ресурстары тапшы аймақтар -  Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстары. Бұл өңірлерге  469 отбасын қоныстандыруға квота бөлінген. «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» аясында көшіп барғандар қайта даярлау курстарынан өтеді. Тұрғын үймен қамтамасыз етіліп, кәсіпкерлікпен айналысам дегендерге 5 миллион теңгеге дейінгі несие беріледі. Өз еркімен көшкендерге мемлекет жұмыс табуға көмектеспек.

Біржан Нұрымбетов, ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі:

Қолдау ол келесі түрде. Біріншіден, сол көші-қонға кеткен шығындарын өтейміз. Ол шығынның көлемі отбасына 50 айлықтық есептік көрсеткіш немесе бүгінгі бағамен 106 мың теңге. Немесе әр семья мүшесіне 35 айлықтық есептік көрсеткіш, 74 мыңнан астам қаражат. Сол кезде, егер 5 адамнан құралатын семья болса, әкесі, шешесі 3 баласы, жалпы 402 мыңнан астам осындай қаражат көші-қон шығындарын өтеуге беріледі.

Ұтымды ұсыныс халықтың қолдауына ие болды. Нәтижесінде биыл 320 отбасы қоныс аударған. Ең үлкен көші-қон Солтүстік Қазақстанда тіркелді. Осы жылдың өзінде мұнда оңтүстік өңірлерден 109 жанұя қоныс аударған. Тағы да 200-ден астам отбасы облыс халқын толтыруға дайын.