Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматылық үлескерлердің мәселесіне "Жер аманаты" назар аударды

  • AstanaTV
  • 31 тамыз 2022
  • 2330

Алматыда 200 отбасы далада қалғалы тұр. Айтуларынша олар «Жайсан» тұрғын үй кешеніне үлескер ретінде ақша салған, бірақ баспаналары сүрілмек. Экономикалық сот нысанды заңсыз салынған деп тауып, бұзуға шешім шығарған. Мәселеге AMANAT партиясының «Жер Аманаты» комиссиясы назар аударды.

Олег Береговой - 4 қабатты тұрғын үй кешенінен пәтер алуға үміттенгендердің бірі. 17 миллион теңгеге бір бөлмелі баспана алуға келісімге отырған. Жоспар бойынша бір жылдан кейін кілтін алуы керек еді.

Олег БЕРЕГОВОЙ, ҮЛЕСКЕР:

Былтырдан бері біз договорды оқыдық та договорға қол қойып, шартқа отырғаннан кейін ақшасын төлеп жатырмыз. Жетпіс пайыз бітіп тұр ғой, ал енді қалай бұзамыз дегені менің миыма сыймайды.

Дәл осындай жағдайға 200-ден астам үлескер тап болды. Барлығы кемі 10 миллионнан 30 миллион теңгеге дейін пәтер алуға уағдаласқан. Құрылыс былтыр қараша айында басталған. Қазір тоқтап тұр.

Анаргүл АЙДОСҚЫЗЫ, ҮЛЕСКЕР:

Біздің арамызда мен сияқты жүкті әйелдер, кішкентай балаларымен бар әйелдер, пенсионерлер, инвалидтер, мұғалімдер. Бар ақшамызды осы үйге салып, күнімен-түнімен осыны қобалжып ойлап жүрміз.

Құрылысты тоқтату туралы талап-арыз жергілікті әкімдік тарапынан жолданған. Олар сәулет-жоспарлау рұқсаты бір ғана ғимаратқа берілгенін айтқан. Ал қалған нысандардың рұқсаты жоқ деп сотқа шағым түсірген. Дегенмен құрылыс компаниясыда сот шешіммен келіспейтінін айтты.

Марат ТАРҒҰЛОВ, ЖШС ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Сот шешімі еш негізсіз шығарылды. Біз келтірген дәлелдер ескерілмеді. Қолымызда қажетті құжаттардың, рұқсаттың бәрі бар. Негізсіз сүруге жол бермейміз. 2 миллиардтан аса ақша құйған еңбегіміз еш кетпекші.

Кешеннің мәселесін AMANAT партиясы жанынан жасақталған «Жер Аманаты» комиссиясы қолға алды. Комиссия төрағасының орынбасары Бақытжан Базарбек соттың шешімін заңсыз дейді.

Бақытжан БАЗАРБЕК, «ЖЕР АМАНАТЫ» КОМИССИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Үйді сүрудің бір негізі эскиздік жобаның жалғандылығы. Бірақ та іс жүзінде эскиздік жобаның жалғандылығы туралы соттың шешімі шыққан жоқ. Эскиздік жобаның келісімі болмаса үйді бұзу бізде заңда көрсетілмеген. Келісімі болмаған күннің өзінде кемінде мынау құрылыс компаниясына айыппұл шаралар қолданады.

Үлескерлер де соттың шешімімен келіспейді. Олар енді аппеляциялық сотқа шағым түсірмек.

Ә. Лесбек