Русский Сайттың толық нұсқасы

Конституция күні Шымкентте қарапайым еңбек адамдары марапатталды

  • AstanaTV
  • 31 тамыз 2022
  • 2318

«Азат елдің ар-намысы Ата заң!». Шымкентте осындай атаумен Конституция күніне арналған мерекелік жиын өтті. Шараға қаланың зиялы қауымы, қарапайым еңбек адамдары, белсенді жастар қатысты. Шаһардың дамуына елеулі үлес қосқан түрлі сала өкілдері ерекше марапатқа ие болды.

Конституция күнін шымкенттіктер Түркістан сарайында атап өтті. Қала тұрғындарын шаһар басшысы Мұрат Әйтенов құттықтады. Ол 5-маусымдағы референдум кезінде Конституцияның үштен бірі өзгергенін, жаңарған Ата заң негізінде еліміз Жаңа Қазақстанды, Әділетті Қазақстанды құруға бағыт алғанын айтты.

Мұрат ӘЙТЕНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Қазақстанның бүгінгі конституция дәуір талабына сай сындарлы сыннан өткен, мемлекетіміздегі экономикалық және саяси реформаларды қамтамамыз етіп отырған басты құжаты.

Ата Заң - барлық заңның іргетасы. Жаңарған Конституция еліміздің экономикасы мен әлеуметтік дамуына жаңа серпін беруі тиіс, дейді шараға қатысқан қоғам белсенділері.

Бауыржан ӘЛТЕЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ТӨРАҒАСЫ:

Әрбір азамат, қай елдің азаматы болғанда да, ол өзінің бірінші құқығын білуі керек. Оның құқығын қорғайтын, елдің елдігін белгілейтін - ол Ата заң. Өйткені, Қазақстанда барлық заң ата заңға бағынады. Ата заңның орны өзгеше.

Салтанатты жиын соңы марапатқа ұласты. Білім, денсаулық сақтау, құқық қорғау, мәдениет, өнер мен спорт саласының майталмандары, қаланың коммуналдық қызметі жұмысшылары мен автобус паркі жүргізушілерінің еңбегі еленді. Еңбек адамдары патриоттық әндер, дәстүрлі және классикалық музыка әуелеген концерт тамашалады.

Г. Сейтенова