Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарлық «Көлік тасымалдау одағы» заңсыз такси жүргізушілерінен арылмақ

  • AstanaTV
  • 15 шілде 2016
  • 2974

Қызылжарлық таксопарктер заңсыз такси жүргізушілерімен күресуге кірісті. Өйткені олар жолаушылар тасымалдау талаптарын орындайтын жүргізушілер жоқтың қасы деп отыр. Айтуларынша, кей такси диспетчерлері темір тұлпар иелерін ғаламтор арқылы да қабылдай береді. Ал қауіпсіздікті ойлап отырған ешкім жоқ. Енді петропавлдық таксопарктер мұндай олқылықтарды жаңа әдістің арқасында жоюды көздеп отыр. Тақырыпты аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин жалғастырады.

Соңғы кезде Қызылжарда такси табу проблемаға айналды, - дейді қала тұрғыны Анастасия Дроняк. Оның айтуынша, кей кезде көлікті сағаттап күтуге тура келеді. Жұмысқа кешіккен кездер де болыпты. Ал жаңбырлы күні жағдай мүлдем қиындай түседі дейді. 

Анастасия Дроняк, Петропавл қаласының тұрғыны: 

Такси диспетчерлері бес минуттың ішінде көлікті тауып аламыз дейді. Бірақ іздеу жұмыстары жарты сағат, қырық минутқа созылып кетеді. Тұрғындар таксиді діттеген орнына дереу жету үшін шақыртпай ма?! Ал бізде керісінше шығады.

Такси саласында 15 жылдық тәжірибесі бар Игорь Григоренко бұл проблеманы заңсыз такси жүргізушілерінің көптігімен  байланыстырып отыр.

Игорь Григоренко, такси жүргізушісі:

Өз көлігін күтпейтін, техникалық байқаудан дер кезінде өтпейтін, салық төлемейтін кісі, әрине, жолаушыларды арзан бағаға тасиды. Қазір қызмет құны тым төмендеп кетті. Соңында шығатын бағаны 4 жолаушыға бөлгенде, біздің қызметіміз қоғамдық көлікпен бірдей болып шығады.

Ал шаһардағы ең ірі таксопарктің директоры Наиль Абраевтың пайымдауынша, такси тапшылығы - маусымдық құбылыс. Бүгінде түрлі сала қызметкерлері жолаушылар тасымалдауды қосымша табысқа айналдырған. Қысты күні жұмысы тоқтап қалған кісілер қол қусырып отырмау үшін таксиге отырып, жаз айы келе салысымен, қайтадан негізгі қызметтеріне ауысатындары құпия емес, дейді ол. Таксопарктер тұрақсыз жүргізушілерден арылу үшін көлік тасымалдаушылар одағын құрған. 

Наиль Абраев, диспетчерлік қызмет директоры:

Сақтандыруға 6  мың теңге, техникалық байқауға 1500 мың теңге және күнде диспетчердің құны бар. Бұл қызметке кездейсоқ келгендер мұншама ақшаны аяйды. Ал тұрақты жүргізушілер бұның бәрін уақытында төлеп жүреді. Біз таксопарктермен бірлесіп, «көлік тасымалдау одағын» құрып жатырмыз.

Көлік тасымалдаушылар одағы ортақ талаптарды елемеген жүргізушілермен мықтап айналыспақ. Олар құқық қорғау органдарымен бірлесіп, заңсыз такси жүргізушілерін рейд шаралары арқылы жолдан ығыстырмақ. Қоғамдық ұйым мүшелері тіпті такси жүргізушілері туралы бүкіл ақпаратты сақтайтын ортақ ақпараттық орталықты құруды жоспарлап отыр.

Галина Семенова, «СҚО автокөлік одағы» қауымдастығының төрайымы:

Одаққа мүше болуға ниет білдірмегендерді ешкім күштеп кіргізбейді. Әркімнің өз еркі. Бірақ ортақ талаптардың барлықтары орындауы тиіс. Рейд арқылы біз такси саласын қалпына келтіреміз.

Қоғамдық ұйым мүшелерінің пікірінше, жаңа жоба жүзеге асқан соң, такси жүргізушілер кемімей, керісінше, арта түсетініне сенімді.

А.ҚҰРМАНКИН