Русский Сайттың толық нұсқасы

"Мемлекет халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін толық орындайды" – Мәжіліс төрағасы

  • AstanaTV
  • 01 қыркүйек 2022
  • 1460

Бірінші қыркүйекте партаға оралатын тек оқушылар емес, депутаттар да бүгіннен бастап жұмысқа кірісті. Мәжілістің демалыстан кейінгі алғашқы пленарлық отырысында Төраға Мемлекет басшысының жолдауын тілге тиек ете кетті. Толығырақ Мәжілісмендермен жүздесіп қайтқан әріптесім, Ақбота Базарбай жалғастырады.

Бір-бірімен қайта қауышқанға мәз депутаттар залда да, сыртта да хәл сұрасып, қалжындасып жатты. Демалыстан дем жинап келген депутаттар енді арқаны кеңге сала алмайды. Аймақтардан жиып-теріп әкелген мәселелерінен бөлек, жолдаудан кейін атқаратын шаруа шашетектен.

Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заң қабылдау, қылмыстық және қылмыстық процесстік кодексті жетілдіру, қала құрылысы кодексін қабылдау бойынша жұмысқа кірісеміз. Мәжіліс депутаттары алдында конституциялық реформалар аясында да бірқатар заңдарды  қабылдау міндеті тұр.


Жолдауда айтылғанның біразын қорытып үлгерген депутаттар бірден алты заң жобасын қабылдап, бір депутатпен қоштасып, артынша келесісін туған күнімен құттықтап үлгерді.

3 ай халық қалаулылары демалыстан күш жинап келді ме десек, күні кеше депутат болған Айдос Сарым "орнымды жастарға беруге дайынмын" деп ақтарылды.

Айдос САРЫМ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Мен өзімнің тарихи рөлімді, міндеттерімді жеткілікті дәрежеде орындадым деп ойлаймын. Сондықтан, орнымды жас депутаттарға беруге дайынмын.    

Осы сессияда депутаттар жұмыс істейтін заң жобаларының ерекше маңызы бар. Алдағы уақытта депутаттар Президент тапсырмасын орындап қана қоймай, жұмыс топтарының отырыстары, заң жобалардың таныстырылымы сияқты барлық жиындарға қарапайым халықтың кеңінен қатысуын қамтамасыз етпек.  

А. Базарбай