Қостанайда қару-жарақ дүкені өртеніп кетті. Апат салдарынан дүкеннің жеті қызметкері зардап шекті. Күйік шалған үшеуі қазір ауруханада. Ал төртеуі қаза тапты. Мұны бас прокуратура растады. Оқыс оқиға 3 қыркүйек күні, күндізгі сағат 11-лер шамасында орын алған. Әлсін-әлсін жарылыстар болды. Бұл сол маңда өтіп бара жатқан көліктердің бірінің бейнетіркегішіне түсіп қалған. От дүкен маңындағы техникалық қызмет көрсету станциясы мен асхананы да шарпыған. Көршілес жеке үйлерге де қауіп төндірген.
ҚР БАС ПРОКУРАТУРАНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
Адамдардың қаза болғанын, зардап шеккендердің санын және өрт салдарынан келтірілген шығынды ескере отырып, қылмыстық істер Бас прокуратураның және Қостанай облысы прокуратурасының арнайы прокурорлары басшылық ететін тәжірибелі құқық қорғау және арнаулы органдар қызметкерлерінен құрылған тергеу-жедел топтардың іс жүргізуіне қабылданды. Тергеу барысы Бас Прокурордың жеке бақылауына алынды.
А. Серік