Аманаттықтар Қостанай облысында өрттен зардап шеккен тұрғындармен жүздесті. Сондай-ақ өрт сөндіруге жұмылдырылған қызметкерлермен кездесті. Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясының депутаттары Динара Зәкиева, Аманжол Әлтай және партия Хатшысы Ринат Кертаев ауруханада жатқан Аманқарағай ауылының тұрғыны Темір Жүсіповтің жағдайын сұрап барды. Оның өрт кезінде ауылдасын эвакуациялауға көмектесіп жүріп, екі қолы күйіп қалған.
Аманжол ӘЛТАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Осындай қиындықтан өзіміздің бірлігімімізбенен, ортақ мақсатқа жұмылғандығымызбенен аман есен жақсы жеңіп шығамыз деп ойлаймын. Бауырымыздың көңіл-күйін, халін сұрап шықтық. Батырлық дегеніміз - осыдай қиын сәтте өзінің дер кезінде көмегін көрсете білу.
Мұнан соң партиялықтар Лесное және Озерное ауылдарына азық-түлік пен бірінші кезекте қажетті тауарларды тапсырды. Ауыл халқы мемлекет пен отандастарының қолдауын ерекше сезініп жатқанын айтып, ағынан жарылды. Айта кетейік, аманаттықтар зардап шеккендерге шамамен 1200 тонна гумантиарлық көмек жинады. «Жастар Рухының» 300 волонтері төтенше жағдай орнында жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ 1200-ден астам ерікті гуманитарлық көмек жинау пункттеріне жұмылдырылған.
Динара ЗӘКИЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
«AMANAT» партиясы мүшелері, қоғамдық ұйым, бизнес өкілдері - бәрі бір жұдырықша жұмылып, көмек көрсетуде. «AMANAT» партиясының барлық облыстағы филиалдары гуманитарлық көмек көрсету бөлімшелерін ашты. Қостанай облысында «Жастар рухының» мыңдаған еріктілері де көмек ұйымдастыруға белсенді араласып жатыр.
Б. Надірқызы