Русский Сайттың толық нұсқасы

СҚО Мамлют ауданында бірнеше шақырымға созылған жолдың құрылысы бітпей келеді

  • AstanaTV
  • 06 қыркүйек 2022
  • 2372

Солтүстік Қазақстан облысының Мамлют ауданында бірнеше шақырымға созылған жолдың құрылысы үш жылдан бері бітпей келеді. Шұрық-тесік жол бұқараның әбден титығына тиген. Жұрт сағызша созылған құрылысқа шағым айтты. Шыдамы таусылған тұрғындар Amanat партиясына жүгінген. Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин сын көтермейтін жолдармен жүріп, көлік жүргізушілерінің ой-пікірін білді.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Мына 17 шақырымға созылған жолмен үш ауылдың жұрты қатынайды. Халық жақсы жолды 20 жылдан бері аңсап келген. Әйтеуір қаражат табылып, құрылыс жұмыстары 2020 жылы бастау алды. Алайда, жөндеудің жыры әлі күнге дейін бітпей келеді.
 
Раздольный ауылының байырғы тұрғыны Валерий Кейсарчук егін шаруашылығымен айналысады. Тәжірибелі диқан нашар жолдың салдарынан техника әбден тозып жатқанын айтады.
 
Валерий КЕЙСАРЧУК, ШАРУА:

Бұл маңайдың жолы соңғы рет тоқсаныншы жылдары жөнделген. Кейін 2000-жылдары қайтадан шұрық-тесікке толған. Қазір онымен жүру мүмкін емес. Жүк көліктерінің ылғи дөңгелектері жарылып отырады. Бір дөңгелектің бағасы 100-150 мың теңгенің шамасында. Жаман жолдың кесірінен шығынға батып отырмыз.
 
Раздольный, Степное және Қызыләскер ауылдарында барлығы мыңға жуық адам тұрады. Күрежолмен күнде қатынайтын қарапайым тұрғындар шұңқырлардың әбден мезі қылғанын айтып қынжылады.
 
Николай КОПТЕВ, ҚЫЗЫЛӘСКЕР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жолдың жағдайын өздерің көріп отырсыңдар. Бірнеше жылдан бері соңына дейін жете алмай отыр. Жуырда облыс әкімі келіп көріп кетті. Ақша тауып, жолды жөндеп береміз деп уәде етті. Енді көреміз.

Сергей САМСОНОВ, ҚЫЗЫЛӘСКЕР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Сапасы сын көтермейді. Жұмысты жарты жолдан тастап кеткен. Аудан орталығына дейінгі 80 шақырымдық жолға бақандай екі сағат кетеді. Бұл не қылған сұмдық?
 
Раздольный мен Қызыләскер ауылдырының екі ортасындағы  17 шақырымдық аралықты мердігерлер 2020 жылы қалпына келтіре бастаған. Бұған бюджеттен 519 миллион теңге қарастырылған. Жоспар бойынша құрылысшылар жолға орташа жөндеу жұмысын істеп, биыл тапсыруы тиіс еді. Алайда, жұмыс барысында жолдың біраз бөлігі орташа жөндеуге жарамайтыны анықталды.
 
Ілияс БАЙҒҰЛОВ, МЕРДІГЕР КОМПАНИЯНЫҢ ӨКІЛІ:

2021 жылдың жазында біз тапсырыс беруші тараппен бірге құрылыс нысананы келген кезде ескі асфальттың жарылғанын байқадық. Жобада жаңа асфальттың ескі асфальттың үстіне төселуі қарастырылған. Міне өзіңіз байқап тұрғаныңыздай жолдың беті тілім-тілім. Бұған жаңа жол төсеуге болмайды. Алдымен астыңғы қабатын дайындап алу керек.
 
Сөйтіп, бөлінген қаржы енді аз болып қалған көрінеді. Ескі жолдың бетін дұрыстауға кіріскен мердігерлер шығынға белшеден баттық деп, аузын құрғақ шөппен сүртіп отыр. Жауапты компания шығынын ақтау үшін қосымша ақша сұрауда.
 
Ілияс БАЙҒҰЛОВ, МЕРДІГЕРЛІК КОМПАНИЯНЫҢ ӨКІЛІ:

Біз 12 шақырымды жөндеп болдық. Оған қосымша кеткен шығынды өзіміз көтердік. Енді осы шығын өтеп, қалған 5 шақырымды жөндеу үшін тағы 146 млн теңге керек. Ақшаның бөлінуін күтіп отырмыз.
 
Мердігерлер ағаттық жобаның өзінде кетті деп санайды. Демек, құрылыстың жоспарымен айналысқан кәсіпорын жолдың жағдайын дені дұрыс тексермесе керек. Ал жобаға тапсырыс берген аудандық әкімдік өкілдері шалыс басқанын мойындап отыр. Алайда, бір қызығы, жобаны атүсті жасаған компанияны олар әлі күнге дейін жауапқа тартпаған көрінеді.
 
Ғали ӘБДІРӘШЕВ, СҚО МАМЛЮТ АУДАНЫ ТҮКШ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫСЫ:
 
Жобалық сметалық құжаттаманы біздің бөлім бекітті. Бірақ, ондағы кемшіліктерді кейін байқадық. Біз жобалаушыларды сотқа берген жоқпыз. Бұл жалғыз біздің ғана кінә емес. Әкімдік бекіткен соң, бұл жоба экспертизадан өтті.
 
Сақалды құрылыстың проблемасын шешуге Amanat партиясы кірісті. Жырға толы жол партиялық бақылаудың тізіміне енді.
 
Александр ЗЕЛЬ, “AMANAT” ПАРТИЯСЫ СҚО ФИЛИАЛЫ ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:


Қазір біздің облыста 31 партиялық бақылау бекеті бар. Оның екеуі жолдарға тиесілі. Мамлют және Қызылжар ауданындағы жөнделіп жатқан жолдар қатаң бақылауға алынды. Біз жауапты тараптардан есеп алып, нысан тапсырылғанша дейін жіті қадағалаймыз.
 

Сөйтіп, мердігерлердің өтініші облыстық автомобиль жолдары басқармасына жеткен. Құзырлы орган өтінішті қабылдап, қосымша қомақты қаражатты бөлуге бекініп отыр. Демек, жұрт келесі жылы сапалы жолға қол жеткізбек. Ал Amanat партиясы қызметінде қателік жіберген аудандық шенеуніктерді Әдеп кеңесіне шақыртып, қатаң сөгіс жариялауды ұсынбақ.

А. Құрманкин