Русский Сайттың толық нұсқасы

Сілеті су қоймасының маңындағы ауылда ауыз су жоқ

  • AstanaTV
  • 06 қыркүйек 2022
  • 2742

Сілеті ауылының тұрғындары 40 жылдан бері сусыз отыр. Елдімекен су қоймасының түбінде орналасса да, әлі күнге дейін тіршілік нәріне жарымай келеді. Әкімнің жылда су кіреді деген уәдесіне тойған бұқара, одан бөлек жолдың да мәселесі мәз емес дейді. Жылдар бойы әлеуметтік мәселелермен күресіп әбден шаршаған жұрт телеарнамызға хабарласқан еді. Шалғайдағы ағайынның жағдайымен тілшіміз Аружан Задабек танысып қайтты.

Сілетіге кіреберістегі көріністен-ақ ауылдың жағдайын бірден аңғаруға болады. Айналаны жайлаған қоқыс, шұрық тесік жолдар елді мекеннің көркін қашырып тұр. Ал, судың жыры бір бөлек. Тұрғындар әкім жыл сайын кіргіземін деген су - әлі күнге дейін жоқ деп күйініп отыр.

Абдулла ЖАНҒАНЗИЕВ, СІЛЕТІ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ойбай, су биыл болады деп. Биыл болатын түгі жоқ. Сентябрь болды, мінекей. Ол айтты биыл су болады, үйлеріңізде су болады деп. Мына тұрған Торғай совхозында, не өзені жоқ, халықының үйінде су бар.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Мына аумақ өткен жылы ауылға су кіргізу үшін арнайы қазылған. Бірақ, жұмыс басталмай жатып бітіп қалған секілді. Айналада сақтандыру таралы ешқандай белгі жоқ. Ал, тұрғындар болса осында балаларымыз, малымыз құлап кете ме деп алаңдап отыр.
 
Мәрия МҰСТАФИНА, СІЛЕТІ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қазып-қазып тастады, бүкіл көше быт-шыт. Ертең, мінекей, қыс келеді. Қыс келгенде, ол қармен жабылады. Қармен жабылған кезде оқушы балаларда түсіп кетуі мүмкін. Үлкен кісілер де, мал да түсіп кетуі мүмкін.

Жексенбай ЕРМАҒАНБЕТОВ, СІЛЕТІ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ана жерді қазады, мына жерді қазады. Өзі адам деген бір жерден бастап, 200 метр, 100 метр жүріп отыру керек қой. Жоқ бұлардыңкі тек показуха. Ана жерді қазады, одан қалды ана жаққа кетіпе қалады. Міне, көшемізді быт-шыт қылды.

Тұрғындардың қауіпсіздік үшін алаңдауына негіз бар. Себебі, қазылған жердің тереңдігі 3 метрден асады.

Бекболат МАХШАР, СІЛЕТІ АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ:

Корректировкада тұр. Бюджеттік комиссияның корректировкасында. Өйткені, қазіргі таңда, ол жерге материалдар барлығын айтқанда жеткіліксіз болып тұр. Қауіпсіздік жағынан шаралар қолданылып жатыр. Ол жерде барлық сақтандыру белгілері, барлығы тұр ғой.

Әкім айтқан сақтандыру белгілерін тұрғындар мүлдем көрмедік дейді. Басшы айтқан қоршауларды іздеп біз де шықтық.

Ал, шұрық тесік жолдардың жөндеу жұмысы өткен жылы басталып кеткен. Алайда, әр жерден қазылған шұңқырлар құрылыстың уақытында аяқталуына кедергі болып отыр – дейді жолға жауапты мердігер компания.

Ермек БИХАНОВ, «ҮРПЕК-СЕРВИС» ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Су мәселесі бітсе, біз жолды уже полностью качественно бітіреміз. Негізгі қазір техника жүреді асфальт  үстінен. Сол үшін тоқтатып тұрмыз жұмыстың бәрін. Ары қарай жолды жалғастыру бізде әлі уақыт бар. Сол уақыт бойынша бәрін бітіреміз.

Биыл да осы ауылға су құбырын тарту үшін 400 миллион теңге қаражат бөлінген. Мердігер компаниямен хабарластық.

Жасұлан ҚАНАТҰЛЫ, «ДӘНЕКЕР» ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Фирмамыздың счеты арестке түсіп қалды. Кеше ашылды счетымыз, енді трубаға төледік, труба бүгін барады. Бір фура труба. Бүкіл ауылдың көшелеріне трубалар барады. Техника мәселесін бүгін ақша төлеп, техника ертең шығады. 1-2 күнде жұмысты бастаймыз.

Әкім мен мердігер компания су тарту жұмыстарын 2 айда бітіреміз деп уәде берді. Қауіпсіздік шараларын да катаң сақтайтынын айтты.

А. Задабек