Русский Сайттың толық нұсқасы

ШҚО дала өрті өршіп 50 ауыл тұрғыны эвакуацияланды

  • AstanaTV
  • 07 қыркүйек 2022
  • 1356

Елдің шығысында бірден бірнеше аумақ отқа оранған. Күні кеше «қауіп жоқ» деген құтқарушылар енді эвакуациялау жұмыстарына кірісіп кетті. Сеңделіп, қайда барарын білмей отқан жүздеген тұрғын тағы бар. Өскемен іргесіндегі елді мекендерде 500 адам және 50 техника өртті сөндіруде. Жауаптылар даурығуға негіз жоқ, жағдай бақылауда деп отыр. Тілшіміздің репортажы.  

Каменный карьер ауылы өрт құшағында тұр. Таңертең басталған тілсіз жау 1000 гектардан астам алқапты жаулап алды. Ауыл маңындағы төбелердің үстінен түтінді алғаш болып орманшылар көріп, арнайы қызметке хабарлаған.  

Сергей КАРМАННИКОВ, «ӨСКЕМЕН ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ» ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Қазіргі уақытта орманшылар өрттің басқа аймаққа тарамауы үшін мемлекеттік орман қорының аумағын қалпына келтіруде. Оттың неден тұтанғаны белгісіз. Мүмкін адам факторы шығар. Бір жерде бірдеңені шопандар немесе демалушылар сөндірмеген шығар. Қазір от сөнген сияқты. Бірақ қатты соққан желдің әсерінен бықсып, қайта тұтанады.


Ауыл тұрғындары алаулап жанған тауға алаңдай қарайды. Еріктілер мен өрт сөндірушілер елді мекендерге жеткізбеу үшін жерді жыртып, өртті тоқтату шараларын қолға алған.

Ольга СКАЧКОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Ең алдымен, бақшаларға жақындап қалған жерлердегі өртті тез сөндірді. Бәрі жақсы болады деп үміттенемін. Сәл тынышталды. Әйтпесе, мен барлық заттарымды жинап қойдым.


Өртті сөндіруге Ұлттық ұланның 200 сарбазынан бөлек тағы облыстың ірі кәсіпорындарының өрт сөндіру бөлімшелері көмекке келді. Аймақ басшысы қажеттілік туындаса қарулы күштерден көмек сұраймыз деді.

Алтай өңірінде де өрт сейілмегеніне төрт тәулік болды. Жалын шарпыған аудан екі есеге артқан.700 гектар құрғақ шөп пен бұталарды күлге айналдырды. Жер бедері таулы болғандықтан, өртті әуеден сөндіру үшін екі тікұшақ пен АН-24 ұшағы жұмылдырылды. Марқакөл ауылы да қызыл отпен күресуде.

Жадыра АМАНҒАЛИҚЫЗЫ, ШҚО ТЖД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Ол жердегі өрттің аумағы 300 гектарды құрады. Және де 300-ден артық адам жұмыс істеп жатыр. Елді мекенге төнген қауіптің алдын алуға мүмкіндік туды. Қазіргі таңда ауылдарға қауіп сейілді.

Бірақ бұл босаңсуға болады деген сөз емес. Өйткені аталған облыс өрт қауіптілігі ең жоғарғы бесінші классты құрайды. Оған қоса, Қазгидромет дауылды ескерту жариялады. Найзағай ойнап, екпіні секундына 20 метрге жететін жел болады деп болжады. Бұл өрт сөндірушілердің жұмысын қиындата түспек.

А. Серік