Русский Сайттың толық нұсқасы

Франция елшілігі Ницца құрбандарын еске алды

  • AstanaTV
  • 18 шілде 2016
  • 3784

Бүгін Францияның Қазақстандағы елшілігінде Ницца құрбандарын еске алу рәсімі өтті. Дипломатиялық корпус алдындағы ту төмен трүсіріліп, бір минут үнсіздік жарияланды. Консул Франсис Этьен қара жамылған Франция халқы 4 азаматынан айырылған қазақстандықтардың да қайғысына ортақтасатындарын жеткізді. Ал, марқұм болған отандастарымыздың жақындары қайғылы хабарды естіп, есеңгіреп қалғандарын айтады.

Бұл - шетел асып, ажал құшқан Панченколар жанұясының үйі. Қаңырап қалған зәулім баспананың иелері енді түгел жиналмайтыны анық. Шаңырақтың отанасы Любовь, қызы Марина мен немересі Сильвия лаңкестіктің құрбаны болды. Әуелде, еліміздің Сыртқы істер минстрлігі 14-ші шілде күні Ниццада болған терракт кезінде қазақстандықтар зардап шеккен жоқ деген мәлімдеме таратқан еді. Алайда, араға бір күн салып, суыт хабар жетті. Қаза болғандар тізімінен отандастарымыздың есімдері табылды. Панченколар отбасынан бөлек, Наталья Отто есімді Қазақстан азаматшасы бар.

Илья Теренченко, Панченколардың отбасылық досы:

Аман болар деп қатты үміттендік. Бірнеше күн хабарсыз кеткенде, ауруханада жатқан шығар деп ойладық. Бірақ, кеше қайғылы хабар келгенде, есеңгіреп қалдық, шынымен. Бұл - әділетсіздік. Бұл оқиға жалпы адамзат баласына жасалған қастандық деп білемін.

Панченколар тегі  Павлодар халқына жіті таныс. 90-шы жылдарда жеке бизнесін бастаған бұл әулет бүгінде белгілі кәсіпкерлер. Жалғыз қыздары Маринаға бар мүмкіндікті жасауға тырысқан,- деп еске алады отбасылық досы Илья Теренченко. Маринамен 7-ші сыныптан таныс. «Өте тәрбиелі, көп оқитын, айналасына жылылық сыйлайтын адам еді»,- дейді. Маринаның университеттегі ұстазы да оның алғыр, оқуға зерек болғанын айтады.

Елена Шевале, марқұмның ұстазы: 

Марина студенттердің ішінен ерекшеленетін. Егер оған жарты тапсырма берсең, артығымен орындайтын. Жаңа сөздерді жазып алып, жаттаушы еді. Сабаққа сондай тиянақты дайындалатын Сол кезде ойлаушы едім: жап жас болып, бұл қыз неге оқуға осыншалықты берілген екен деп. Ол көп тілді үйренгісі келді. Мақсатына жеткен де еді. Өте тартымды, әдемі, жауапты қыз болатын. Өкінішті.

Қазір еліміздің Сыртқы істер министрлігі марқұмдардың мүрделерін отанға жеткізу қамын ойластырып жатқандарын хабарлады. Францияның Қазақстандағы елшілік өкілдері де қазақстандықтар мен өзге де қаза  болғандардың туған-туыстарына қайғырып көңіл айтты. Бүгін дипломатиялық миссия өкілдері елшілік алдында  құрбандарды  бір минут үнсіздікпен еске алды. Елдің мемлекеттік туы түсіріліп, гүл шоқтары қойылды.

Франсис Этьен, Қазақстандағы Франция елшісі:

Бүгін өте қатты қайғырып отырмыз, өйткені Ниццада болған шабуылдан көптеген адамдар қаза болды. Соның ішінде 4 қазақстандық та бар. Бүгін біз сол шабуылда қайтыс болғандарды еске алып жатырмыз. Бізге шабуыл жасағандар, біздің балаларымызға шабуыл жасағандар, біздің елге шабуыл жасағандар ешқандай пайда таппайды, олар ешқашан жеңіске жетпейді.

Еске салайық, 14 шілде күні Франция халқы Бастилияны алу күнін тойлап, от шашуды тамашалауға жиналған. Сол кезде үлкен жылдамдықпен жүйіткіген жүк көлігі қалың жұртты басып, жайпап өтті. Лаңкес 2 шақырымдай жолды өткен соң ғана көзі жойылды. Теракт кезінде 84 адам қаза болып, 120-дан астамы түрлі жарақаттар алған. Қазір халі ауыр ондаған адам ауруханада жатыр.