Русский Сайттың толық нұсқасы

Ауыл тұрғындары жарықтың ақысын төлеу үшін шекара асады

  • AstanaTV
  • 12 қыркүйек 2022
  • 1481

Жамбыл облысы Меркі ауданы Жауғаш батыр ауылының тұрғындары жарықты Қырғызстаннан алады. Ал оның ақысын доллармен  төлейді. Көршіге тәуелді болған шалғайдағы елдімекенде қазір небәрі 30 отбасы тұрады.  Қалғаны көшіп кеткен. Ауылда жарықтан өзге де "жоқ" жетеді. Ол туралы тілшіміз Берік Жұмабай айтады.

Жауғаш батыр ауылы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» күре жолының бойында орналасқан.  Елдімекенде қордаланған мәселе көп. Ең  қиыны, жұрт электр энергиясын Қырғызстаннан алады. Жарықтың ақысын төлеу үшін ай сайын шекара асатын көрінеді.

Өмірбек ОРАЗБАЕВ, ЖАУҒАШ БАТЫР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мемлекетаралық тарифпен алып жатыр жарықтың ақысын. Бұл үлкен проблема. Қырғызстанға бір адам жарықтың ақысын алып барып өткізу үшін шекарадан өтуі керек. Ол жаққа барып долларға теңгені айырбастайды, оны қайтадан сомға айналдырады. Өте қиын күнкөріс болып жатыр.


Сағат ЖАҚСЫМБЕТОВ, ЖАУҒАШ БАТЫР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Кішкене жел тұрса да өшіп қалады. Бір күні өшіп қалады ол жаққа бара алмаймыз. Шекарадан өте алмаймыз. Өту үшін 80 шақырып айналуымыз керек. Не медпунктымыз жоқ, не жарығымыз жоқ, не мектебіміз жоқ.  


Жергілікті билік  бұл проблеманы шешуге қауқарсыз. Себебі,  электржүйелері әлі күнге дейін көрші елге тиесілі дейді. Қаржының жоқтығы қолбайлау болып отырғанын айтады. Жауғаш батыр ауылына жарық 44 шақырым жерден тартылуы тиіс.

Алмас ОМАРОВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Жобаның құны 529 млн теңгені құрайды. Аталған жобаны қаржыландыру үшін тиісті министрлікке өтінімді бірінші жартыжылдықта өткізген болатынбыз. Бүгінгі күнге жоба әлі қолдау таппады.


Жел тұрса халық  3-4 күн қара түнекте қалатын көрінеді.  Электржүйелері тозып тұр.  Бағаналар   1955 жылдан бері жаңаланбаған. Ауылда мектеп те, медициналық бекет те жоқ. Ұялы байланыс туралы айтуға тіпті ауыз бармайды.  Ал ауыл тұрғындары басқа баратын жері болмағандықтан, туған жерден кете алмай отыр. Сондықтан билік мұң-мұқтажымызға  құлақ асса дейді.

Б. Жұмабайұлы