Русский Сайттың толық нұсқасы

Депутаттар Президент жолдауының өңірлерде қалай жүзеге асып жатқанын талқылады

  • AstanaTV
  • 12 қыркүйек 2022
  • 2175

Президент Жолдауы өңірлерде қалай жүзеге асып жатыр? Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, кей аймақта шағын және орта бизнеске ден қойылса, енді бірі білім саласындағы кемшіліктермен күресіп жатыр.  Депутаттар осылай дейді. Президент бастамаларын    қоғам болып, бірлесіп орындау керектігін айтады.

"Біз шағын және орта бизнесті дамытамыз". Президент өз жолдауында осылай деді. Осы бағыттағы жұмыстар өңірлерде басталып кетті.  Мәселен, Түркістан облысының тұрғындары ауылшаруашылығын дамытып, жаңа бизнес көзін ашып жатыр – дейді мәслихат хатшысы.
 
Қайрат БАЛАБИЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:

Кіші және шағын бизнесті дамытуымыз керек. Оның ішіндегі, жанағы фабрикалар құру, жаңадан жұмыс орындарын ашу қажет. Біздің облыс ауылшаруашылық облыс болып саналады. Теплицаларды көбейту, сондай-ақ егіндерді егу деген сияқты.

Ақтаулықтар Президенттің білім саласын өзгерту туралы айтқан бастамаларын іске асыруда.  "Аманат" партиясының мүшелері Жоғарғы оқу орындарының беделін арттыру, жаңа форматта жұмыс істейтін оқу орындарын ашу – басты назарда дейді.

Гүлден ИМАНҒАЛИЕВА, "AMANAT" ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Президентіміз Жолдауда бір негізгі пункт ретінде жоғарғы, кәсіби білім деңгейін көтереді. Балаларымызды ары қарай өзіміздің университеттерімізде оқуына қолдау жасап немесе өзіміздің белсенділігіміз арқылы біздің білім саламыздағы немесе жоғарғы оқу орындарындағы кемшіліктерді жоюға жұмыс жасауымыз керек деп ойлаймын.


Елімізде 650 елдімекенде емдеу мекемесі жоқ. «AMANAT» партиясының Павлодар облыстық филиалына жиылған облыс, қала және аудан депутаттары бұл түйткілдің түйіне алдағы екі жылда  тарқатылады дейді.

Дулат ӘБЕТЖАНОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:


Адамның ең байлығы денсаулық қой. Сондықтан денсаулық саласында көптеген шалғайдағы ауылдарда медпунктар, фап дейміз солардың болмағандығы көп жерлерде мәселелер көтеріп жүретін. Соның шешімін табатын болып жатыр. Екі жылдың көлемінде жүзеге асырылады.

«AMANAT» партиясының өңірлердегі мүшелері мен депутаттар жиын барысында Президент көтерген өзге де өзекті мәселелерді талқылады.

А. Задабек