Русский Сайттың толық нұсқасы

Жаңақорғандықтар қолаңса иіске тұншығып отыр

  • AstanaTV
  • 19 қыркүйек 2022
  • 2017

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының тұрғындары қоқыс алаңынан зардап шегіп отыр. Қолқаны қапқан қолаңса иіс тынысымызды тарылтты деген бұқара, алаңды көшіруді талап етуде. Үйлерінің маңы қоқыс алаңына айналғандармен тілдескен тілшіміздің бейнематериалы.  

Жағымсыз иістен еркін тыныстау мүмкін емес. Тұрғындардың айтуынша ауданның бүкіл қоқысы 4 жылдан бері осы жерге жеткізіледі. Соның салдарынан ауру болатын түріміз бар дейді.

Сәнім ТӨЛЕГЕНОВА, ЖАҢАҚОРҒАН КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

Немереміз келді. Иістен ауырып, үстеріне жара шығып. Больницаға жатып, дәрі алып, ауылдарына кетті. Үйдегі көрпе-көрпешені шығарайық десек бөжек басып кетеді. Кене бүрге. Жазды күні далаға жата алмадық. Иісі жаман. Өлген сиырдың терісі де шығады. Бұл жерге жан-жақтан келеді, совхоздан келеді.

Бұл маңда тұратын балалар да далаға ойнаудан қалған. Қоқыс алаңын көшіруді талап етіп, әкімдіктің табалдырығын тоздырдық дейді. Алайда, нәтижесін көре алмай отырғандарына ашулы.  

Ләззат ПІРЗАЛИЕВА, ЖАҢАҚОРҒАН КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

Әкімге 2-3 рет кірдім мен. Бәрінде де осыны реттейміз. Қолға аламыз дейді. Сол арыз түскеннен кейін доғарады, бұны, өртеуді, әкелуді қояды да қайтадан бастайды.

Қоқыс алаңына айналған аумақ жеке кәсіпкерге тиесілі. Ол мұнда тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеумен айналысады. Өзін санитарлық талаптарды сақтап отырмын деп есептейді. Қоқыс өңдеу нысанын көшіруге де қарсы емес. Алайда, әкімдік белгілеп берген жерде жайлы жағдай жасалмаған деп отыр.
 
Нұрлан СӘДУАҚАСОВ, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР:

Нақты қашан көшетіндігін айта алмаймын. Жарық тартпаса біз ол жерге қалай көшеміз. Әкеп тастайды сол жерге. Өлекселер, памперстер әкеп тастайды, басқаларды да әкеп тастайды.


Әкімдіктегілердің де қолдары байлаулы көрінеді. Жеке кәсіпкердің ісіне заң бойынша тосқауыл қоя алмаймыз деді. Тек жер берумен шектелуде.  

Жасұлан БЕЙСЕНБЕКОВ, ЖАҢАҚОРҒАН КЕНТІ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл кісі Жаңақорғанның шеткі аймағына орналастыру үшін біздің әкімдіктің тарапынан жер бөлуге тиісті көмеккер берілді. Қазіргі кезде 1,5 гектар жер тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеуге орын белгіленіп тұр. алдағы уақытта инфраструктарасын жүргізген жағдайда, келесі жылдың ішінде деп жоспарлап отырмыз. Келесі жылға қарай көшірілетін болады.


Бұған көпшілік сене қоймады. Неше әкім ауысса да түйткілдің түйінін тарқата алмаған жергілікті билікке бұқараның өкпесі қара қазандай. Жарық пен суды тартуға 30 млн тенге есептеп қойыпты. Бірақ ол қаражат қашан бөлінетінін белгісіз.

М. Тоқтасынқызы