Русский Сайттың толық нұсқасы

Елорда әуежайына теміржол салынады

  • AstanaTV
  • 19 қыркүйек 2022
  • 1472

Пандемия кезінде туындаған қиындықтар Елордалық әуежайды жаңа, авиациялық емес кіріс көздерін іздеуге мәжбүрледі. Акционерлік қоғам дамытудың жаңа жобасы таныстырды. Мақсат әуе айлағын арнайы экономикалық аймаққа, мультимодальдық жүк тасымалдауға және қызмет көрсетудің жаңа орталығына айналдыру. Сондай-ақ, Астана әуежайы екінші ұшу-қону жолағын салмақшы. Тіпті теміржол релстерін де әуежай арқылы өткізбек. Әріптесім толықтырады.

«Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының» қолданыстағы ұшу-қону жолағы соңғы рет 2003 жаңартылған. Бұдан кейін бұл бағытта ешқандай жұмыстар атқарылмапты. Тек биыл ғана күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Алайда, әуежай басшылығы авиатасымалдар қарқынының өсуі мен әуежайды дамыту жөніндегі жоспарға байланысты әуеайлақ учаскесін қайта жаңарту керек дейді. Бұдан бөлек екінші ұшу-қону жолағын салу, арнайы экономикалық аймақ ашу және авиаотынды жеткізу логистикасын жақсарту үшін теміржол салуды жоспарлап отыр.  

Дәулет ХАМЗИН, «НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘУЕЖАЙЫ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
 
Біз 2027-2028 жылдары жолаушылар саны артады деп күтіп отырмыз. Сәйкесінше ұшу-қону жолағы сапалы болу керек.  Ал жөндеу уақытша қолайсыздықтар туғызады, бірақ біз бұл мәселені шешеміз. Астананың әуе айлағы жолаушылар ағыны мен орындалатын рейстер саны бойынша келесі жылы еліміздегі ең ірі әуе айлағына айналуы тиіс. Алдағы 5 жылда жүк тасымалын төрт есеге ұлғайту жоспарда бар.

Айтпақшы, Елорда атауы өзгергенімен, әуежайдың коды бұрынғыша қалатын болды.

Ерғазы ЖОЛДАСОВ, «НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘУЕЖАЙЫ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ӨНДІРІС ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:


Нұрсұлтан әуежайының өзгеру, өзгермеуін Үкімет қабылдайтын болады. Және де депутаттар қабылдайтын болады. Биылғы жылы біз 20 мың метр квадрат жұмыс жасалды. Уақытында бітірілді. Қысқа дайынбыз. Келесі жылы тағы жөндеу басталатын болса, ол 100 күн бұрын айтылады.

Пандемия салдарынан соңғы жылдары әуежайда жолаушылар саны азайып, әуе айлағының жұмысы тек транзиттік жүк рейстеріне жанармай құюмен, оларға қызмет көрсетумен шектелген. Десе де, түскен қаражат қызметкерлер алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді өтеуге, жұмыс орындарын сақтап қалуға мүмкіндік берген. Жаңа стратегияның нәтижесінде биыл бірінші жартыжылдықтағы Астана әуежайының таза табысы 1,6 млрд теңгеге жетсе, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті  68 млрд теңгеге дейін арттыру жоспарланған.

А. Базарбай