Русский Сайттың толық нұсқасы

«Америкалық ірі кәсіпорындардың Қазақстанда жұмыс істегенін қалаймын», - Қ.Тоқаев

  • AstanaTV
  • 20 қыркүйек 2022
  • 1613

Америкалық ірі кәсіпорындардың Қазақстанда жұмыс істегенін қалаймын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-қа сапарында америкалық трансұлттық компаниялардың және ірі қаржы институттарының кездесуінде бұл ойын ашық айтты. Аты әлемге танымал, өнімдері брендке айналған компания өкілдерімен  жеке-жеке де кездесті. Қазақстан экономикасына миллиардтап қаржы құюға көндірді. Президенттің сапары туралы толығырақ тілшіміз тарқатады.

Amazon, Chevron, Филипп Моррис, MasterCard. Әлемдік индустрияның алпауыттарын Қазақстан басшысы бір үстел басына жинады. Стратегиялық, экономикалық серіктестікті серпінді дамытып, барлық секторда жұмыла жұмыс істеуге шақырды.

Қасым-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз 30 жылға жуық уақыт ішінде сенімді жеке секторды қалыптастыруға елеулі үлес қосқан американдық инвестициялардың рөлін жоғары бағалаймыз. Шын мәнінде, АҚШ біздің экономикамыздың  ірі инвесторларының бірі.  Біз Ашық есік инвестициялық саясатын сақтаймыз және Қазақстанда жұмыс істейтін Америка Құрама Штаттарынан келген инвесторлар үшін қауіпсіздікті одан әрі қамтамасыз етуге ниеттіміз.

Энергетика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, көлік және логистика, цифрландыру. Бұл бағыттағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол. Мемлекет басшысы елде жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформалар шетелдік инвесторларға басымдық беруге бағытталады деді.  

Қасым-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біздің реформаларымыз бизнес пен қаржы институттары үшін не береді? Біріншіден, нарыққа көбірек қол жетімділік, ашықтық. Саясат аз, экономика көп. Ең бастысы-жеке сектор мен халықаралық әріптестер үшін жаңа мүмкіндіктер көбірек.

Қазақстанда өз жобасының ауқымын кеңейтуге ниетті алпауыт компаниялардың арасында Microsoft бар. Оның Бас менеджері Мишель Симмонспен   алдағы жоспарлар бойынша әңгіме болды. Әлемдік айти гигант Қазақстанда дата орталығын, аЙти зертхана  ашпақшы.  Ал «General Electric» компаниясы  біздің елде медициналық құрылғылар шығаратын кәсіпорынды іске қосуды жоспарлап отыр. Сапардың мақсаты- инвестиция тарту. Ынтымақтастық және әріптестік туралы бірқатар жоба бойынша келісімдер жасалды. Теміржол, газдандыру саласында алпауыт елдің тәжірибесін қолданамыз. Бүгін Президент БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясының Жалпы дебатына қатысады.

Т. Әлжанов