Русский Сайттың толық нұсқасы

Мемлекет басшысы Нью-Йоркте IT қоғамдастығының өкілдерімен кездесті

  • AstanaTV
  • 20 қыркүйек 2022
  • 1777

Әділетті Қазақстан дарынды жастарға жаңа мүмкіндіктер ашады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында, IT қоғамдастығының өкілдерімен кездесуде білікті мамандарды елге шақырды. Аталған қоғамдастық әлемнің жетекші технологиялық компанияларында жұмыс істеп жүрген 400 қазақстандықты біріктіріп отыр. Президент білікті жастармен ой бөлісіп, пікір алмасты.

Кездесу бейресми жағдайда өтті. Жастар шетелдік компаниялардағы жұмыстарынан алған әсерлерімен бөлісті.  

Арай САБЫРЖАН, GOOGLE КОМПАНИЯСЫНЫҢ ИНЖЕНЕР-ПРОГРАММИСІ:

2017 жылы халықаралық ақпараттық-технологиялар университетінде компьютер саласынан бакалавр дәрежесін алып 2018 жылы Санкт-Францискоға келіп біраз компанияларда жұмыс істедім. Қазіргі таңда Google компаниясында вертуалды машиналардың бағдарламашысы болып келемін.

IT қоғамдастық өкілдері бүгінде шетелдік IT -саласындағы материалдарды қазақ тіліне аударуға бағытталған жобаларды іске асырып келеді. Осылайша олар Қазақстанның дамуына сүбелі үлес қосуда деді, цифрлық даму министрі Бағдат Мусин. Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуде Әділетті Қазақстан дарынды жастарға  жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтып, білікті жастарды елге шақырды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстанға қайтып келсеңіз мен сізді үкіметке, (әрине,әрине-Арай). Байланыста боламызғой енді. Америка жақсы бірақ Қазақстан деген керемет қой енді. Мен ойлаймын Қазақстанда істей аласыз.

Соңғы бірнеше жылдан бері елдегі IT саласының да қарқыны жоғары. Білікті мамандар үшін жағдай жасалған дейді,- IT-стартаптар халықаралық технопаркінің бас директоры Мағжан Мәдиев. Оның айтуынша, осы саладағы мамандар салықтан босатылған және білімін жетілдіріп отыру үшін тегін оқулардан өтуге мүмкіншілігі бар.

Мағжан МӘДИЕВ, ASTANA HUB IT-СТАРТАПТАР ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТЕХНОПАРКІНІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

АҚШ-тағы IT мамандары шамамен, менің ойымша, олар айына 10 мың доллар табады. Ол компанияның әлеуетіне байланысты. Қазақстанда да жеткілікті төлейтін ұйымдар бар. Егер адам мемлекеттік секторға жұмыс істейтін болса, онда оның жалақысы төмен болуы мүмкін. Бірақ басқа да артықшылықтар да болады.

Отандық ІТ саласын одан әрі дамыту және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөнінде ұсыныстар АҚШ-тағы жиында да сөз болды.

Б. Сатуов