Русский Сайттың толық нұсқасы

Ресейліктерге петропавлдықтар тегін пана ұсынды

  • AstanaTV
  • 26 қыркүйек 2022
  • 2132

Петропавлда пәтер дефициті пайда болды. Жалға алатын баспана қалмаған. Тығырыққа тірелген ресейліктерге, кейбір тұрғындар тегін пана беріп жатса, батыс тұрғындары оларды кинотеатрға орналастырған. Қонақжайлық танытып жатқан солтүстік пен батыс өңіріндегі жағдайды әріптесім Абзал Құрманкин баяндайды.

Шекарадағы кептелістен қашқан ресейліктер, Қазақстанға енді поезбен келе бастаған. Петропавлға көрші елден күнде жолаушыларға толған үш состав қатынайды. Ресейліктердің басым бөлігі бірден басқа көлікке отырып, елдің орталығы мен оңтүстігін бетке алған. Ал Петропавлда қалғандары пәтер таппай, вокзалды пана етуге мәжбүр.
 
Александр МАРКОВ, РЕСЕЙ АЗАМАТЫ:

Мен бірнеше күннен кейін Канадаға кетуді жоспарлап отырмын. Сондықтан Қазақстанға уақытша келдім. Қазір Астанаға жол жүремін. Сендерде таксидің құны өте қымбат екен.
 
Иван ВАСЮКОВ, РЕСЕЙ АЗАМАТЫ:

Мен Мәскеуден келдім. Поезға билет бар. Теміржолдың шекарасында ешкімді тоқтатқан жоқ. Қазақстанға әзірге бір айға келдім. Әрі қарай көре жатармыз. Мұнда пәтер бағасы аспандап кеткенін естідік. Енді пәтер іздейміз, амал жоқ.
 
Шаһарда үйді жалдау құны кемінде екі есе өскен. Бірақ соған қарамастан қазір нарықта бос пәтер жоқ. Жалға берілетін үйдің тапшы екенін ресми органдар да растап отыр. Қаладағы отельдерде де орын қалмаған.
 
Нұржан САДЫҚОВ, СҚО КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИНДУСТРИАЛДЫ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бүгінгі күнде Петропавлда 38 гостиница бар. Онда 1933 кереует орындары бар. Олардың барлығы 100 процентке толып жатыр. Оларды жартысы яғни 50 проценті Ресей Федерациясының азаматтары.  
 
Бұл проблемаға бейжай қарай алмаған қала тұрғындары көшеде қалған ресейліктерге ақысыз пана ұсынып жатыр.
 
Райхан ШӘРІПОВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мен жас балаларды вокзалда көріп, жүздерінен алаңдаушылықты байқадым. Кейін екі мәскеулік жігітті өз үйіме алып кеттім. Менің балам да ресейлік 2 азаматқа үйін тегін берді. Біреуі Томск, екіншісі Красноярск қаласынан. Олар бұл саяси жағдайдың тұтқындары. Сондықтан тым жас болған соң, мен оларды аяп кеттім.
 
Ағылған ресейліктерге Оралда, кәсіпкерлер көмек қолын созған. Қаладағы ойын-сауық орталығының иесі, кинозалға ресейліктерді тегін түнетіпті. Екі күннің ішінде мұнда 300-ден астам азамат пана тапқан.
 
Дилара МҰХАМБЕТОВА, КИНОТЕАТР ДИРЕКТОРЫ:

Сенбі күні елімізге келгендердің көшеде қайда барарын білмей, қаңғырып жүргенін көрдік. Күн суып кеткесін аяп, кинозалға қонып шығуын ұсындық. 4 залға орналасқан жігіттерге еріктілер ыстық шай, тамақ әкеліп көмектесті. Содан жексенбі күні де қондырдық. Бірақ оларды апта бойы паналатпаймыз. Бүгін санитарлық өңдеу жүргіземіз. Біздің де негізгі жұмысымыз, яғни күн сайын киноға келетін көрермендеріміз бар.
 
Батыс Қазақстан облысына Ресейден бірнеше күннің ішінде 17 мыңнан астам адам келген. Ал еліміздің солтүстігіне қанша мигранттың кіргенін өкінішке қарай білу мүмкін болмады. Себебі, шекара қызметі бұған қатысты тіс жармады.
 
Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Бүгін әлеуметтік желіде Петропавлдың инфекциялық орталығында ресей азаматтарына арналған эвакуациялық бекет ашылды деген алып-қашпа ақпарат тараған болатын. Бірақ ресми органдар бұл хабарламаны жоққа шығарды. Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері: "ковид орталығы тек науқастарға ғана арналған", деді.

А. Құрманкин