Русский Сайттың толық нұсқасы

Өскемендегі үйлер жаңбыр суының астында қалды

  • AstanaTV
  • 21 шілде 2016
  • 2418

Шығыс Қазақстанда өзендер мен көлдер арнасынан асуы мүмкін. Құтқарушылар тұрғындарға ескерту жасап, дабыл қақты. Екі апта қатарынан жауған жаңбырдан Өскемендегі үйлер де су астында қалды. Шаһардағы Аврора көшесінің  тұрғындары шұғыл түрде баспаналарын тастап кетуге мәжбүр болды. Толассыз жауған нөсер ауладағы бау-бақшаны түгел басып қалды.

Павел Мельников пен оның көрші-көлемінің үйіндегі жаңбыр суы белуардан келеді. Тұрғындар бесінші шілдеден бері екінші рет табиғаттың тосын мінезіне тап болғандығын айтады. Енді олар су шайған баспанасының қабырғасы үгітіліп түсе ме деп қауіптеніп отыр.

Павел Мельников, Өскемен қаласының тұрғыны:

Осымен екінші рет үйімізді су басып отыр. Жиһаздар жоқ. Барлық тұрмыстық техника істен шықты. Енді не істерімізді, кімге барып жүгінетінімізді білмей, дал болып отырмыз.

Тұрғындарға келген залалдың өндірілуін төтенше жағдай және сақтандыру компаниясы тарпынан құрылған комиссия шешетін болады. Су жиналу себебін арнайы комиссия анықтамақ. Әзірге мамандар кәріз жүйесі мен суағарлар толассыз жауған жаңбырға төтеп бере алмай, бітеліп қалған деп отыр.

Марина Лискова, Өскемен қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі басқарманың баспасөз хатшысы:

Арықтардың қоқыстарға толып кеткендігінен осындай оқиғалардың жиі қайталанып отырғандығыны тұрғындардың назарына салғымыз келеді. Баспаналардан суды бұру  жұмыстары дер кезінде жүргізілмейді. Кейбір үйлер ойда орналасқандықтан, оларды үнемі су басады. 

Заңғар САНАЙ