Русский Сайттың толық нұсқасы

Ұялы байланыс операторларының қызметінде ақау жиілеген

  • AstanaTV
  • 28 қыркүйек 2022
  • 1130

Бүгін елімізде бір мезет интернет істен шығып, Алматы әуежайында  бірнеше рейс кешіктірілді. Жолаушыларды тіркеуде мәселелер туындаған.  Жалпы соңғы кезде ұялы байланыс операторларының қызметінде ақау жиілеген. Көпшілік әсіресе ғаламтор  жұмысының баяулап кеткеніне шағым айтады.  

Алматылықтар ұялы байланыс операторларының тарифы қымбат болғанымен, қызметі сай емес дейді. Интернеттің жоғалып кету дерегі жиі орын алып жүргенін жеткізді.
 
БЛИЦ:

- Мендегі байлыныста, 2 сағат бұрын ақау болды. Интернетім істен шықты. Меніңше барлығында сондай болған сияқты.   

- Бүгін таңертең байқалды сбой. Былайынша, істеп тұрды, бірақ өте баяу. Ол енді болып тұратын жағдай.

- Сапасын жоғарылату керек деп ойлаймын. Көбінесе, қатып жатады, баяу сеть ұстайды. В основном, қалада білінбейді ғой, ал ауылдарда көп мәселе болып жатады ғой осы интернет жайында. Сол үшін сапасын әлі де жақсарту керек деп ойлаймын.

 
Ол ол ма Алматы әуежайында да провайдерде интернет істен шыққан. Осының салдарынан Эйр Астана компаниясының рейстері уақытынан кешіктірілген. Оның себебін мекеме өкілдері жолаушыларды қолмен тіркеу ұзаққа созылғанымен түсіндірді.  
 
Тілек ӘБДІРАХИМОВ, «AIR ASTANA» АҚ КОРПОРАТИВТІК КОММУНИКАЦИЯЛАР ЖӨНІНДЕГІ МЕНЕДЖЕРІ:

Орташа рейстердің кешігуі 1,5 сағат болды. Шамамен 10 рейс кешіккен. Қазіргі таңда барлық рейс кестесі қалпына келді. Сағат 8.40-та интернет қалпына келді.
 
Ұялы байланыс операторларының жауабы дайын. Олар қалыпты жұмыс істеп жатқандарын айтты. Ал, ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздігіне жауапты - «Мемлекеттік техникалық қызмет» интернеттің қазақстандық сегментіне кибершабуылдар жасалғанын мәлім етті.

"МЕМЛЕКЕТТІК ТЕХНИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ" АҚ РЕСМИ САЙТЫ:

"Мемлекеттік техникалық қызмет" АҚ интернеттің қазақстандық сегментіне кибершабуылдар бірнеше күннен бері жалғасып жатқанын хабарлайды. Мақсатты кибершабуылдар елдің мемлекеттік органдарына да, Қазнет инфрақұрылымына да бағытталған. Кибершабуылдар салдарынан интернетке қосылуда кідіріс болып жатыр.

"Мемлекеттік техникалық қызмет" кибершабуылдар елде және әлемде болып жатқан қоғамдық оқиғалармен байланысты болуы мүмкін деп болжайды.
 
М. Жақан