Русский Сайттың толық нұсқасы

2025 жылы IT мамандарға деген сұраныс 200 миллионға дейін артуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 28 қыркүйек 2022
  • 2390

Он жылдан кейін өнімдер мен қызметтердің 70 проценті цифрлы платформаға енгізіледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өткен халықаралық технологиялық форумда осылай деді. Оның сөзінше, оған нақты негіз бар. Сондықтан Қазақстан еуразиялық кеңістіктегі ең ірі цифрлық хабтардың біріне айналуы қажет деді,-Президент. Халықаралық форумда тағы қандай мәселелер көтерілді? Бекболат Сатуов айтады.

Мемлекет басшысы Қазақстанның цифрлық трансформациясындағы 5 басымдықты айқындап берді. Адамға бағдарланған қызметті дамыту, IT-сала үшін қолайлы жағдай жасау, IT-инфрақұрылымды кең көлемде модернизациялау, Цифрлық экономиканы және Индустрия 4.0-ді дамыту, соңғысы - адам капиталын нығайту.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бүгінгі таңда Қазақстанда IT секторды дамыту үшін өте жақсы жағдай жасалған деп айтуға болады. Бұл реттеуші базаға да, IT бизнесті дамыту үшін бірегей режимдері мен құралдары бар арнайы алаңдарға да қатысты. Біз ерекше салық және виза режимі бар Аstana Hub IT стартаптардың халықаралық технопаркін құрдық. 900-ден астам компания қазірдің өзінде оның резиденті болды және қазақстандық және халықаралық нарықта табысты жұмыс істеп жүр.


Болашақта  IT саласы мамандарына сұраныс артады деді Президент. Себебі, екі жыл бұрын әлемдік ІТ нарыққа 30 миллион маман керек еді. Бүгінде бұл қажеттілік 100 миллионға жеткен. Ал 2025 жылға қарай 200 миллионға дейін артуы мүмкін. Сондықтан мемлекет басшысы алдағы 3 жылда  100 мың жоғары білікті ІТ маман даярлау міндеті тұр деді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстан жаңа технологиялар, криптоэкожүйе, сонымен қатар реттелетін және ашық цифрлық майнинг салаларындағы жетекші ойыншыға айналуға ниетті.


Өткен апта да Президент Нью-Йоркте  IT саласында шетелдік компанияларда жұмыс істейтін қазақстандықтармен жолыққан болатын. Бейресми өткізілген жиында мемлекет басшысы шетелде жүрген қазақ мамандарын елге жұмысқа шақырып, президент аталған саланы бірге дамытуға ниет білдірді. Білікті мамандармен тәжірибе алмасу шынында өте пайдалы болар еді дейді,- астаналық жас,  IT маманы Бекасыл Қаражан. Оның айтуынша, саланың қарыштап дамуы үшін, жаңа көзқарастар мен тың идеялар қажет. Ол үшін алдымен жоғары оқу орындарында жаңашылдықтар болуы керек дейді.

Бекасыл ҚАРАЖАН, IT МАМАНЫ:

Әдетте айтылатын оқу сапасы, енді бұл жақта ескі көзқарас бар, ескі мәліметтер бар. Ал IT саласы - тез, қарқынды дамитын салалардың бірі.Сондықтан бұл жақта көбіне жас мұғалімдер және жаңа көзқарас керек.

Сонымен отандық IT саласына артылар міндет те, қойлар талап та жоғары. Сондықтанда Президент IT  секторды дамыту – мемлекеттік саясаттың маңызды және тұрақты басымдығы деді.

Б. Сатуов